Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің ұйымдастыруымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойына орай «Тәуелсіздік – баға жетпес байлық» атты облыстық деңгейдегі волейбол турнирі аяқталды.
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, академик, тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбайұлы Озғанбаевтың ізгі тілегімен басталған спорт бәсекесі «Маңғыстау арена» спорт кешенінде өтті.
Ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Күшті мұсылман әлсіз мұсылманнан абзалырақ әрі Алла үшін сүйіктірек. Әйтсе де екеуінде де жақсылық бар» - деген хадистің мұсылман адамның физикалық денсаулығына қатысты айтылғаны сөзсіз. Мешіт жамағаттарының ауызбіршілігін арттыру, ынтымақтастығын нығайту, бауырмалдық қатынастарын күшейту, сондай-ақ, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткен волейбол жарысында өңіріміздің түкпір-түкпірінде өткен іріктеу ойындарынан сүрінбей келген 12 команда бақ сынасып, өзара мықты үштікті анықтады.
Жарыс нәтижесі бойынша І орынды Түпқараған ауданының құрамасы иеленсе, ІІ орынды Маңғыстау облыстық әкімшілігі ұжымынан құралған команда еншіледі. Ал, ІІІ орынды Мұнайлы ауданының құрамасы қанжығасына байлады. Жеңімпаз командаларға арнайы кубоктар, алғыс хаттар мен қаржылай сыйлық сертификаттары табыс етілді.
Жарыс жүлдегерлерін марапаттағаннан кейін, ҚМДБ-ның Маңғыстау өңірі бойынша бас имамы Әнуар Ізімбайұлы спорттық доданың жүзеге асуына барынша қолдау көрсеткен Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасына, Маңғыстау облысы дін істер басқармасына, Маңғыстау облысы ішкі саясат басқармасына, Маңғыстау облыстық волейбол федерациясының басшылығына, «Маңғыстау арена» спорт кешенінің ұжымына, Маңғыстау Медиа орталығына, сонымен қатар іс-шараның өміршең болуына атсалысып, қол ұшын берген барша азаматтарға, барлық командаға рахмет айтып, алғысын білдірді.
Айта кетейік, аталмыш спорттық іс-шара барысында барлық санитарлық-эпидемиологиялық шаралар қатаң сақталып, арнайы антисептикалық құралдар қойылып, медициналық маскалар таратылды.






ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінің баспасөз қызметі
beket-ata.kz
25.12.2020
3319
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру