Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Нұр-Мүбарак студенті – фестиваль жеңімпазы

Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі 22.12.2020 2663 0 пікір
Нұр-Мүбарак студенті – фестиваль жеңімпазы

Хәкім Абайдың 175 жылдығына орай өткен «Абай әлемі» студенттердің жалпыұлттық онлайн өнер фестивалінде Нұр-Мүбарак университетінің 4-курс студенті Данияр Кемербаев бірінші орынға ие болып, 200 мың теңгелік сертификатты қанжығасына байлады.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ұйымдастырған онлайн өнер фестиваліне еліміздегі 50-ден астам жоғары оқу орнынан 260-қа жуық студент қатысты. Абай мұраларын 5 бағытта дәріптеуге бағытталған білім додасында жеңімпаз Данияр Кемербаев Абайдың қара сөздерін жатқа оқу бойынша бақ сынады.

«Абайдың отыз сегізінші қара сөзін қарапайым адам түсінбейді. Себебі дәл сол сөзде өзге тілдегі терминдер мен қабылдауға қиын ұғымдар түсіндірілген. Менің жеңіске жетуіме Нұр-Мүбарак университетінде алып жатқан білімімнің әсері болды. Абайды зерттей түскен сайын шығармашылығын жаңа қырынан тануға болады» дейді Данияр Кемербаев.

Данияр байқаудың екі турынан да сүрінбей өтті. Алғашқы кезеңде жалпыуниверситеттік гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Нұрзия Әбішеваның жетекшілігімен бейнеролик түсіріп, көрерменге ұсынса, ақтық сында Абайдың қарасөздерін жатқа оқып, 60-қа жуық жүйріктің арасынан оқ бойы озып шықты.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру