Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Талдықорған: Ақсақалдың еңбегі еленді

Талдықорған өңірі бойынша баспасөз қызметі 12.12.2020 3004 0 пікір
Талдықорған: Ақсақалдың еңбегі еленді

Талдықорған өңірінің бас имамы Ардақ Нүсіпханұлы аудан халқының жүрегіндегі иманы сөнбес үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, елеулі еңбек еткен, көпке үлгі бола білген абыз ақсақал Нұрахмет Құсайынұлының үйіне барып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының арнайы алғыс хатын тапсырды.

Сондай-ақ Бас имам ақсақалдың иығына шапан жауып, апамызға орамал сыйға берді. Абыз ақсақал Нұрахмет Құсайынұлы ауданда еңбек еткен жылдардағы ыстық естелігін бөлісіп, 90-жылдардағы діни ахуалды, аудандық мешіттің құрылысы басталған уақыттағы оқиғаларды үлкен сағынышпен еске алды.

«Мешіттің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде, пойыз вагонының бірі арнайы құлшылық орнына айналған еді. Алғашқы құлшылығымыз осы вагонда өтті, 30 адамға дейін жұма намазын оқушы едік. Хақ Тағаланың қолдауымен, Жаратқанның берген несібесімен, халқымның көмегімен, тынбай еңбектенудің арқасында 1995 жылдың 10 қазанында мешіт ғимараты пайдалануға берілді. Ауданымыздың орталығында жетпіс жылдан кейін Исламның жарық сәулесі нұрын төкті. Аудан басшыларының ұйымдастыруы және аудан халқының дінге деген ерекше ықыласымен мешіт ауласына оннан астам қазақ үйі тігіліп, мешіттің ашылу салтанаты ұлан-асыр тойға ұласты» деді ақсақал.

Құлшылық жасауға деген осындай алғашқы қадамдар кез келген мұсылманның иманын берік қылары анық. Хадистерде ең жақсы адам өзгеге пайдасын тигізген пенде екені айтылған. Ақсақал еліміз енді ғана егемендікке қол жеткізіп, қиын-қыстау кезеңді бастан кешіріп жатқанда ауылдық жерде мешіт салынуына себепкер бола білді. Жеке үй салып, шәкірттер тәрбиеледі. Осы күнде шәкірттері әр салада қызмет етеді, көбі дін саласында имамдық қызметте. Одан бөлек мешіт жанынан асхана салдырып, халықтың игілігі үшін пайдалануға ұсынды. Осындай игі істерге ұйытқы бола білген, ауданымыздың ардақты азаматы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан алғыс хат алып, көптің ризашылығына бөленді.

Кездесу соңында қажы атамыз жақында баспадан шыққан «Тәуелсіздік жетістіктері» кітабын сыйға беріп, ақ батасын берді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру