Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Павлодар: Имам әл-Матуридидің еңбектеріне арналған халықаралық семинар өтті

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз қызметі mazhab.kz 02.12.2020 2416 0 пікір
Павлодар: Имам әл-Матуридидің еңбектеріне арналған халықаралық семинар өтті

Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасының Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығы «Имам әл-Матуриди – әхли-сунна уәл жамағаның негізін қалаушы» тақырыбында халықаралық онлайн семинар өткізді.

Шараның мақсаты – әхли-сунна уәл жамаға жолын халқымыздың ғасырлар бойы ұстанатын наным-сенімдер тұрғысынан түсіндіру және сипаттау. Орта Азия мен Қазақстандағы ислам діні жүйесінің негізін қалаушы Имам әл-Матуридидің еңбектерін насихаттау. Біртұтас рухани қоғамды қалыптастыру, иманды, құдайдан қорқуды нығайту, қоғамда толеранттылық пен зайырлылық қағидаттарын сақтау, жастардың діни көзқарастарының радикалдануының алдын алу.

Онлайн-семинар барысында Алматы қаласы «Байкен» мешітінің наиб имамы, РАТТ мүшесі, танымал теолог Қабылбек Әліпбайұлы Әбу Ханифа мәзһабының негіздері, шариғат мәселелері бойынша мектеп қандай білімге сүйенеді, өзінің дәлелді базасында қандай дереккөздерді пайдаланады деген ойларымен бөлісті.

Ал «әл-Азһар» Египет университетінің шейхі, Имам Матуриди және Имам әл-Ашари тақырыбындағы ғылыми жұмыстың авторы Хамдулла Ассофти Имам Матуриди мектебінің негіздері, оның басқа мектептерден айырмашылығы туралы айтты.

Шымкент қаласы орталық мешітінің наиб имамы, РАТТ мүшесі Еркебұлан Қарақұлов әхли-сунна уәл жамағаның шығу тарихы, осы бағыттың басқа діндерден айырмашылығы туралы айтып берді.

Павлодар облысының бас имамы, теолог Жолдас Қоспақовтың айтуынша, мұндай оқыту кездесулерін өткізу жергілікті жерлерде дін мәселелері бойынша АТТ мүшелерінің кәсіби құзыреттілігін арттыруға ықпал етеді, дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмысының тиімділігі мен нәтижелілігін айтарлықтай жақсартады.

«Жоғары білікті мамандардан алынған жауаптарды имамдар деструктивті ағымдарды ұстанушылармен жұмыс жаса барысында қолдана алады», - деп атап өтті Жолдас Бертымұратұлы.

Үш сағаттан астам уақытқа созылған онлайн-конференцияға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 70-тен астам имамдар мен теологтар, дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері қатысты.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру