Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Маңғыстау: Волейбол жарысы өтті

beket-ata.kz 24.11.2020 3294 0 пікір
Маңғыстау: Волейбол жарысы өтті

ҚМДБ-ның 30 жылдық  мерейтойына орай Жаңаөзен қаласы мешіттерінің ұйымдастыруымен «Спорт – денсаулық кепілі» атты волейбол жарысы өтті.

Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы сөз сөйлеп, жамағат арасындағы ауызбіршіліктің маңыздылығы мен салауатты өмір салтын қалыптастыру денсаулық кепілі екендігін айтып, спорт жарысын ашық деп жариялады. Мемлекеттік әнұран ойнатылғаннан кейін, командалар жарысты бастап кетті.

Мешіт жамағаттарының ауызбіршілігін арттыру, ынтымақтастығын нығайту, бауырмалдық қатынастарын күшейту, сондай-ақ, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізілген бұл спорт бәсекесі тартысты өтті. Екі топқа бөлінген 8 команда өзара бірнеше кездесу өткізіп, жартылай финалға үздік төрт команда шықты.

Жарыс нәтижесі бойынша І орынды Жаңаөзен қалалық «Шаңырақ ш/а» мешітінің жамағаты иеленсе, ІІ орынды Қызылсай ауылы «Мұханмедин Шихыұлы» мешітінің жамағатынан құралған команда иеленді. Ал ІІІ орынды Теңге ауылы «Қосай ата» мешітінің жамағатынан құралған команда еншіледі.

Жеңімпаздарға арнайы кубоктар мен алғыс хаттар табыс етілді. Бұдан бөлек жастардың жат ағым жетегінде кетпеудің алдын алу, ұлттық құндылықтарды насихаттау, ата-баба дәстүрін ұлықтау мақсатында елімізге белгілі исламтанушы Мұхитдин Исаұлының «Иман және дәстүр құпиясы» атты кітабының 25 данасы жарыс барысында ерекше белсенділік танытқан ойыншылар мен көрермендерге сыйға тартылды.

Айта кетейік, аталмыш спорттық іс-шара барысында барлық санитарлық-эпидемиологиялық шаралар қатаң сақталып, Жаңаөзен қаласының мешіттері тарапынан арнайы антисептикалық құралдар қойылып, 50 дана медициналық маска таратылды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру