Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: Бөлім басшысы сапарын қорытындылады

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі nurgasyr.kz 20.11.2020 2790 0 пікір
Ақтөбе: Бөлім басшысы сапарын қорытындылады

ҚМДБ ел мұсылмандарының бірлігі мен тұрақтылығын әрқашан бір арнаға тоғыстырып келеді. Осы мақсатта ҚМДБ жанынан құрылғанына көп болмаған «Діни оңалту» бөліміне қарасты өңірлердегі дін мамандары жамағаттың жікке бөлінуінің алдын алып, деструктивті діни ағым ұстанушылар арасында оңалту және түсіндіру жұмыстарын нәтижелі жүргізуде.

Осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіру мақсатында өткен аптада Ақтөбе облыстық өкілдігінің шақыртуымен ҚМДБ-ның Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Қанат Алшынбаев Ақтөбе облысына арнайы келген сапарында бір қатар кездесулер өткізді.

Апталық аясындағы алғашқы шара жергілікті жамағатпен жүздесуден басталды. «Ансар» ақпараттық талдау орталығының ұйытқы болуымен өткен кездесуде Қанат Мұқанғалиұлы жамағат арасындағы бауырмалдық тақырыбында насихат жүргізді. Жиналған жергілікті жамағат өкілдеріне Қанат Мұқанғалиұлы ел мұсылмандары ұстанатын ханафи мәзһабының рөліне тоқталып, ата-баба ұстанып келген дәстүрлі дініміздің құндылықтарын тарих кезеңдерімен түсіндірді. Осындай кездесу келесі күні «Керемет» сауықтыру кешенінде жалғасын тапты.

Сондай-ақ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Ақтөбе қалалық орталық мешітіндегі «Діни оңалтудағы озық тәжірбиелер» атты семинарда лекция оқыды. Семинарға «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамдары мен ұстаздары, Ақтөбе қаласындағы мешіт имамдары мен діни оңалту жұмыстарына жауапты діни қызметкерлер және «Ансар» ақпараттық талдау орталығының теолог мамандары қатысты. Ақтөбе облысының бас имамы Төлеби Оспан елордалық мейманның ақтөбелік дін қызметкерлерімен кездесуіне сәттілік тіледі.

Бөлім басшысы Қ.Алшынбаев Ақтөбе облысы Дін істері басқармасының басшысы Ә.Тұралиевпен кездесіп, өңірдегі діни тұрақтылық пен жат ағымның алдын алуға бағытталған жоспарларды талқылап, алдағы уақытта жүйелі жұмыстарды жүргізу жолындағы ортақ жоспарларды талқылады.

Сондай-ақ, Ақтөбе қаласындағы KA 168/1 және KA 168/2 түзету мекемелеріне барып, теріс ағымның жетегіне еріп, бүгінде жазасын өтеп жатқан 28 азаматпен жалпы кездесу өткізді. ҚМДБ «Діни оңалту» бөлімінің меңгерушісі Қанат Мұқанғалиұлы аталмыш азаматтарға діннің насихатын жеткізіп, Матуриди ақидасының өзекті мәселелерін ашықтап түсіндірді. Олар дін маманына сауалдарын қойып, тиісті жауаптарын алды.

Сондай-ақ, бөлім басшысы Қ.Алшынбаев «Ақтөбе медресе» колледжінің студенттерімен кездесіп, діни білім алудың маңыздылығы, білім іздеу жолында табандылық таныту және теріс ағым ұстанушылармен күресу жөнінде лекция оқыды. Кездесуге облыстық Дін істері басқармасының Басшысы Ә.Тұралиев, Ақтөбе облысының бас имамы Т.Оспан және Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы Н.Күзенбаев та қатысты.

«Жастар ісі» секторының ұйымдастыруымен ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына орай, жамағат арасында шағын футболдан өткен турнирдің марапаттауы рәсіміне де қатысып, жеңімпаздарды құттықтады.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру