Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қостанай: Рудныйда рухани кеш өтті

Қостанай облысы өкілдігінің баспасөз қызметі akmechet.kz 13.11.2020 2762 0 пікір
Қостанай: Рудныйда рухани кеш өтті

«Алла мінсіз, әуелден пайғамбар хақ, Мүмін болсаң үйреніп, сен де ұқсап бақ»,- деп хакім Абай атамыз айтқандай, мұсылман адамның ардақты Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйренетіні мол. Пайғамбарымыз аз ғана ғұмырында қияметке дейін таусылмайтын үлгі-өнеге, мол мұра қалдырды. Осындай ізгі ниетпен Рудный қалалық «Нұр» мешітінің «Әйел-қыздар секторы» мәнді де мазмұнды рухани кеш ұйымдастырды.

Кешті өзінің құттықтау сөзімен ашқан ұстаз Аяулым Ермекқызы: «Адамдарды жақсы, игі амалдар жасауға, ауызбірлік пен ынтымаққа насихаттау – сауапты іс.  Бұл кешті өткізудегі мақсат Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  асыл ғұмырын, өшпес өнегесін тағы бір ой тізбегінен өткізу, содан ғибрат алу» деп Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінен тәрбиелік мәні зор  уағыз-насихат айтты.

Кейін арнайы салауат жырлары айтылып, салауаттың пайдасына да тоқталып өтті. Шәкірттер «пайғамбарға сағыныш» атты жүрекжарды жыр жолдарын паш етіп, сүйіспеншілікке толы сағыныш хаттары оқылды.        

«Жүлде кімге бұйырады?» деген атаумен викториналық сұрақ-жауап сайысы өткізіліп, жеңімпаздарға сыйлықтар берілді.

Жайылған мерекелік дастарханнан дәм татып, ақ жаулықты апа-әжелер ақ батасын беріп, жастарға өз ақыл-кеңестерімен бөлісті. 

Қонақтар мешіт ұжымына шынайы алғысын айтып, Алла елшісі жайлы, оның көркем мінезі, ғибратты ғұмыры мен адамзат үшін атқарған зор еңбегі жайлы мол мағлұмат алып, рухани әсерленіп тарқасты.

Ерекше әсермен мешіттен шыққан әйел жамағаттары, қайырымдылық мақсатында Кристина есімді жалғызбасты көпбалалы отбасына киім-кешек, күнделікті тұтынатын азық-түлік және балаларына тәттілер апарып қуантты.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру