Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтау қаласына жаңадан бас имам тағайындалды

Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінің баспасөз қызметі beket-ata.kz 02.11.2020 5350 0 пікір
Ақтау қаласына жаңадан бас имам тағайындалды

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Оңғаров Ершат Ағыбайұлы мен Бас мүфтидің кеңесшісі Бижігіт Нұржігітұлы Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінде болып, имамдармен кездесті.

Ершат Ағыбайұлы діни қызметтің маңыздылығын атап өтіп, күн санап мешіт қызметкерлеріне қойылатын талаптың күшеюде екенін айтты. Имамдардың имиджі, этикасы және жамағатпен жұмысының дұрыс жолға қойылуы – бүгінде аса өзекті болып отыр. Әсіресе, асыл дініміздің жолында аянбай еңбек етіп, қалтқысыз қызмет жасап жүрген мешіт қызметкерлеріне ауызбіршілік пен сыйластық керек.

– Мешіттің бір қызметкерінің дөрекі қылығы мен орынсыз әрекеті бүкіл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысын жоққа шығаруы да мүмкін. Сондықтан имамдар өз қызметін асқан жауапкершілікпен атқаруға міндетті. Мешіттер қызметі ҚМДБ-ның тапсырмалары мен негізгі төрт құжаттың негізінде және асыл дінімізді өркендету мақсатында жүргізілуі тиіс, – деді ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы.

Сондай-ақ, бүгін Маңғыстау облысы Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітіне жаңа бас имам тағайындалды. ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы бес уақыт намаздардың қайтадан жамағатпен оқылуына жиылған қауыммен жүздесіп, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен таныстырып өтті.

Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің басшылық қызметіне Жаңаөзен қалалық орталық «Әбіш Қожа» мешітінің бас имамы Абдалиев Құрманбек тағайындалды. Ал, бір жылдан астам уақыт бойы қалалық «Бекет ата» мешітінің бас имамы қызметін жемісті атқарған Қайрат Маманбаев Маңғыстау облыстық орталық мешітінің наиб имамы қызметіне ауыстырылды.

Қос қызметкердің де қарым-қабілеті мен білім-біліктілігі жайлы наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы жамағатқа қысқаша жеткізе келе, жаңа жұмыстарына сәттілік тіледі.

Өз кезегінде, қалалық мешіт жамағаты Қайрат имамға алғыс білдіріп, шапан жапты. Мешіт көркі болған ақсақалдар қауымы да Қайрат имамға ақ баталарын беріп, жаңа бас имамға құттықтауларын жеткізді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру