Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ПАВЛОДАРДА ДІНИ ОҢАЛТУ ЖҰМЫСЫН ЖЕТІЛДІРУ АЯСЫНДА АРНАЙЫ СЕМИНАР ӨТТІ (ФОТО)

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз қызметі mazhab.kz 20.10.2020 2591 0 пікір
ПАВЛОДАРДА ДІНИ ОҢАЛТУ ЖҰМЫСЫН ЖЕТІЛДІРУ АЯСЫНДА АРНАЙЫ СЕМИНАР ӨТТІ (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қолдауымен діни оңалту жұмысын жүйелендіру және жетілдіру мақсатында 2020 жылдың наурызында Мүфтияттың құрамында арнайы Діни оңалту бөлімі құрылып, республиканың 19 өңірінде қызметін атқарып келеді.

Мүфтият тарапынан діни оңалту жұмысын әдістемелік қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Осы ретте Бас мүфтидің кеңесшісі Бижігіт Нұржігітұлы, Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Қанат Мұқанғалиұлы мен бөлімнің бас маманы Нұрбек Рахманқұлұлы жат діни ағымдардан зардап шеккен отандастарымызды оңалту бойынша аумақтарда атқарылып отырған жұмыстарды жетілдіру мақсатында ҚМДБ Павлодар облысы бойынша өкілдігінің жауапты қызметкерлеріне «Діни оңалту жұмысындағы оң тәжірибелер» тақырыбы аясында арнайы семинарды өткізді.

Іс-шараға ҚМДБ Павлодар облысы бойынша филиалының бас имамы Ж.Қоспақұлы және жергілікті жауапты діни қызметкерлері, сондай-ақ Павлодар облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысының орынбасары Д.Қоканұлы қатысты.

Семинар барысында жат ағым жақтастарын, псевдосалафилік және псевдоханафиттік бағыттағы жамағаттардың мүшелерін, солардың қатарында түзету мекемелерінде жазасын өтеушілерді теологиялық оңалту ерекшеліктері туралы нақты практикалық мысалдарды келтіру арқылы қажетті мәліметтер мен ұсыныстар берілді.

Оңалту жұмысын үйлестіруге жауапты дін саласына өкілетті жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдерімен ҚМДБ мамандарының өзара әрекеттестігінің форматы түсіндірілді.

ҚМДБ мамандарының жағымды жеке тұлғалық қасиеттері мен діни және зайырлы біліктілігінің тиісті деңгейде болуы теологиялық оңалту жұмысының тиімділігіне айтарлықтай әсер ететін фактор ретінде қарастырылды. Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификат табыс етілді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру