Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қарағанды: Республикалық Құран жарысына іріктеу өтті

Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің баспасөз қызметі ihsan.kz 12.10.2020 3336 0 пікір
Қарағанды: Республикалық Құран жарысына іріктеу өтті

ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен облыстық «Әнет баба» мешітінде ІХ республикалық Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан іріктеу сайысы өтті. Байқаудың алғы сөзін Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ Қазкенұлы бастап барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сайысқа «Астана» медресесінің ұстазы Оянған Бердібек, «Олжас Есенұлы» атындағы сауат ашу орталығының ұстазы Тоқтар Асқаров және Қарағанды қалалық «Бала қажы» мешітінің ұстазы Нұрмұхаммед Махмұтұлы төрелік етті. Алдымен қатысушы шәкірттерге және жамағатқа Құран Кәрімді өз ережесіне сай тәжуидпен оқи білудің сауабы жөнінде мағыналы уағыз айтылып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыс ережелерімен таныстырылды.

Баға беру барысында үміткердің барлық қырына: оқу мәнерінен бастап, дыбыстарды шығаруы мен тәжуид ережелерін сақтауына аса мән берілді. Құран жарысына  қатысушылар толық Құранды жатқа оқудан, Құранның 20 парасын жатқа оқудан, Құранның 10 парасын жатқа оқудан және Құранды мәнерлеп оқу  номинациялары бойынша бақ сынасты.

Сайыс шарты бойынша үміткерлердің тәжуиді мен махражына, оқу мәнеріне мән беріліп, нәтижесінде Құранның 30  парасын жатқа оқу номинациясы  бойынша Әбділмәлік Мұратұлы, Құранның 20  парасын жатқа оқу бойынша Нұртілеу Серікұл, Құранның 10  парасын жатқа оқу бойынша Арсен Саятұлы және мәнерлеп оқу бойынша Мұхаммед Айыпжатұлы жеңімпаз атанып, Нұр-Сұлтан  қаласында өтетін ІХ республикалық Құран жарысына жолдама алды.

Қалған қатысушыларға  ынталандыру сыйлығы үлестірілді.  Байқау соңында өңірдің бас имамы Өмірзақ Қазкенұлы барша қатысушыларға өзінің ақ тілегі мен батасын беріп, жеңімпаздарға құттықтау лебізі мен алғысын білдірді. 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру