Алладан сауап үміт еткен жомарт жандардың демеушілігімен Ақтөбе қаласында тағы бір жаңа мешіт ел игілігіне пайдалануға берілді. Мешіттің ашылу салтанатына Ақтөбе облысының бас имамы Төлеби Оспан, қала әкімі Асхат Шахаров пен Дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Туралиев, сондай-ақ, мешіт салуға атсалысқан кәсіпкерлер, ақсақалдар және ауыл тұрғындары қатысты.
Ауыл жамағатының өтініші бойынша 2018 жылы облыс әкімдігі арнайы мешіт салу үшін Мүфтиятқа жер бөліп, 2019 жылдың мамыр айында құрылысы басталған еді. Араға 1 жыл 4 ай салып, тиянақты жүргізілген құрылыс жұмыстарының нәтижесінде 800 адамға арналған имандылық үйі сәтті аяқталды. Мешіттің жері мен ғимараты толықтай ҚМДБ балансына рәсімделіп, филиал болып тіркелді.
Салтанатты шараны наиб имам Шынболат Үмбетов Құран оқып ашса, бас имам Төлеби Дәділұлы бата жасады. Құрметті қонақтар рет-ретімен сөз алып, жүрекжарды лебіздерімен бөлісті. Мешіт салған демеушілердің атынан Мүсіран Қиынбаев ақсақал мен Мақаш Аманғалиұлы сөз алып, кәсіпкерлердің ұйымшылдық көрсетіп, аз уақытта мешітті тапсырып отырғанына алғыстарын білдірді. Жастарға имандылық тәрбие беріп, асыл дінімізді насихаттайтын құтты мекенге айналса деген тілектерін жеткізді.
Көпшіліктің қуанышымен бөлісуге арнайы келген Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Берлешұлы облыстағы 68-ші мешіттің ашылуымен қонақтарды құттықтай келе:
«Сәрсенбінің сәтті күні есігін айқара ашқан мешіт қаламыздың көркіне көрік қосып, дінаралық және ұлтаралық татулықтың ордасына айналады деп сенеміз. Жастарды деструктивті діни ағымнан сақтау жолында және халықтың діни рәсімдерін сауатты атқаруға мешіттердің еңбегі зор. Карантин кезінде қала имамдары халықпен бірге болып, көптеген қайырымдылық шараларын ұтымды ұйымдастыра білді. Бұл мешіт те сондай игіліктер шуағын шаша бергей», - деп тілек білдіріп, облыс басшысы Оңдасын Сейілұлының мешітке арнайы жолдаған қағба суреті бейнеленген сыйлығын табыстады.
Сонымен қатар бас имам Төлеби Оспан құттықтау сөзін алып: «Әуелі баршаңызға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің ыстық ықыласы мен сәлемін жеткізгім келеді. Мешіт – жер бетіндегі имандылық үйі. Жақсылықтың жаршысы. Қайырымды істердің ошағы. «Қайырқожа» мешіті осынау игіліктердің бастауы болғай деп тілейміз. Хадисте: «Алла Тағалаға қаланың өте жақсы орындары – мешіттері», - делінген. Бүгін Бауырластар ауылының ең жақсы орнына айналатын мешіт ашылды. Ауыл жамағатының арманы орындалды. Қуаныштарыңыз құтты болсын! Ауыл халқына осындай сый жасаған барша демеуші азаматтарға ерекше алғыс білдіреміз», - деп ризашылығын жеткізді.
Бұл мешітке діни басқарманың шешімімен «Қайырқожа» атауы беріліп, Бас мүфтидің бұйрығымен Сұңғат Саметов имам болып тағайындалды. Ол бұған дейін Әйтекеби ауданының бас имамы және облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы қызметтерін атқарған. Сонымен қатар Бас мүфти мешітке арнайы байғазы ретінде жолдаған сыйлықты Төлеби Оспан табыстады. Мешіт салу ісін сәтті ұйымдастырған барша азаматтарға алғыс білдіріп, М.Қиынбаев пен М.Жаманғарин ақсақалдарға Бас мүфти марапаты мен Құран Кәрім тарту етілді. Шара соңында марқұмдардың рухына құран бағышталып, қонақтар әсем мешіттің ішін аралап танысты.
«Қайырқожа» мешіті Ақтөбе қаласы, Астана ауданы, Бауырластар тұрғын алабында орналасқан. Құлшылық үйі 800 адамға арналған. Екі қабаттан тұрады. Ғимараттың әр қабаты 324 шаршы метрді құрайды. Бірінші қабатта негізгі үлкен намазхана залы, кітапхана және құран оқу бөлмесі мен имам бөлмесі бар. Екінші қабатта әйелдер залы орналасқан. Сондай-ақ, астыңғы қабатында ерлерге арналған қосымша зал мен дәрісхана қамтылған. Мешіт ауласында 240 шаршы метрді құрайтын қосымша кешенді ғимараты бар. Ол жерде 4 бөлмелі имамға арналған қызметтік үй, қазандық бөлмесі, ерлер және әйелдер дәретханасы қарастырылған. Мешіт жерінің жалпы аумағы – 0,500 га. Сыртқы аумағы толықтай қоршалған. Бұл мешіт облыстағы 68-ші және қала аумағындағы 11-ші мешіт болып тіркеліп отыр.






















ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
nurgasyr.kz
30.09.2020
4991
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру