Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Досжан ишан мешіті ашық аспан астындағы мұражайға айналады

egemen.kz 21.09.2020 486 0 пікір
Досжан ишан мешіті ашық аспан астындағы мұражайға айналады

Қазақстанның киелі жерлері картасына енгізілген Ақтөбе облысындағы он нысанның бірі – Досжан ишан  мешіті мен медресесі қайта қалпына келтіріліп, ашық аспан астындағы мұражайға айналатын күні де жақын. Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық кентінен 3 шақырым жердегі ХІХ ғасырдың ортасындағы ескі құрылыс орнын шілде  айынан бастап Қуаныш Әлиев бастаған маңғыстаулық шеберлер қайта жаңартуға кірісті.

Қашақұлы Досжан (1815-1890) Ақтөбе облысының қазіргі Байғанин ауданының аумағындағы Қайнар деген жері мен Темір ауданының Шилісу өзенінің бойында мешіт-медресе салып, төңіректегі ауылдардың балаларын оқытқан жан. Мұнымен бірге ел-жұртын жер кәсіпшілігіне баулып, өзі бас болып осы жердегі өзен бойына жеміс бағын отырғызған көзі қарақты, беделді адам болған. Ол Меккеге қажылыққа үш рет сапар шеккен, отарлық жүйеге, күшпен шоқындыру саясатына қарсы болып, елдің ынтымағы үшін күрескен діни қайраткер.  Абайдың әкесі Құнанбаймен бірге қажылық сапарға барғанда, Меккеде қазақ қажыларына арнап Тақияжай үй тұрғызуға қаржылай көмек көрсетіп, құрылыс жұмыстарын басқарған деген дерек те бар.  

–ХІХ ғасырдың екінші жартысында Темір өзенінің бойында діни мектептің негізін қалап, балаларды сол кездегі заманауи білімге баулыған көзі ашық  Досжан Қашақұлының ұрпақтары кеңес өкіметі кезінде қуғын-сүргінге ұшырап, мешіттің күмбезі мен бөліктері толығымен қиратылған. Осы күнге дейін  мешіт-медресе ғимаратының тек жартылай қираған қабырғалары ғана жеткен.  Ескі мешіттің жанындағы қорымға әуелі Досжан ишан, кейін  балалары жерленген екен. Биылғы жылдың шілде айынан бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бұрынғы сәулеті негізінде мешіт-медресе ғимараты қайта тұрғызылып, алдағы уақытта оны  ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру жоспарымызда бар,- деді Темір ауданының әкімі Жолдас Батырхан. 

Осы жерге таяу Шилісу өзенінің жағасында Досжан ишан отырғызған алма бағының орнына биылғы көктемде 300 түп алма көшеттері отырғызылды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі