Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: Бас имам Шалқар ауданында болды

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі nurgasyr.kz 30.08.2020 3152 0 пікір
Ақтөбе: Бас имам Шалқар ауданында болды
Облыс имамы аудан әкімін құттықтады

Бас имам Төлеби Оспан Шалқар ауданына жасаған арнайы сапарында жуырда ғана тағайындалған аудан әкімі Жанболат Өтеғұлұлымен кездесті. Кездесу барысында Төлеби Дәділұлы аудан әкімін жаңа қызметімен құттықтап, Шалқар ауданындағы мешіттердің жағдайы мен имамдардың әлеуметтік мәселелерін сөз етті.

Өз кезегінде аудан әкімі Жанболат Жидеханов аудандағы діни ахуалға тоқталып, аудан имамы Бақыт Тойшыбаевтың қызметін жоғары бағалап, алдағы уақытта жан-жақты қолдау көрсететіндігін жеткізді. Қазіргі таңда Шалқар ауданында 7 мешіт қызмет етуде. Олардың барлығы да имаммен қамтамасыз етілген.

Жас имамға баспана берілді

Шалқар ауданы, Бозой ауылында «Ел үлесі пәтерге» акциясы аясында Республика бойынша 253-ші баспана берілді. Бұл ауыл имамы Ықылас Оразымбетовтың ұйытқы болуымен жергілікті жамағаттың қолдауымен жүзеге асты. Аталмыш шараға Ақтөбе облысының бас имамы Төлеби Оспан мен «Нұр Ғасыр» мешітінің молдасы Бақыткерей Балкенов және аудан имамы Бақыт Тойшыбаев қатысып, найб имам болып жаңадан қызметке келген «Астана» медресесінің түлегі Қалиолла Қанатқалиға қызметтік баспана табыс етілді.

Ауыл жамағаты бұл баспананы алу үшін 2 000 000 теңге қаражат жинаса, аудандық мешіттің бас имамы Б.Тойшыбаев демеушілердің көмегімен 500 000 теңге көлемінде қаражат қосқан. Нәтижесінде, ауылға келген жас діни маман тұратын қызметтік баспана мәселесі шешімін тапты.

«Ауыл имамы Ықылас Асанұлы – Ақтөбе имамдарының ақсақалы. Атына заты сай, әр ісін ықыласпен орындайды. Міне, бүгін тағы да соған куә болып отырмыз. Сізге Алла разы болсын! Ауылда 3000 нан астам адам тұрады. Сондықтан діни рәсімдер мен діни дәріс беруге деген қажеттілік бар. Жас имам Қанатқали Айтқалиұлы жастардың діни сауаттылығын арттыруға үлес қосады деп сенеміз. Қоныс құтты болсын!», – деді бас имам Төлеби Дәділұлы.

Естеріңізге сала кетейік, бұл «Ел үлесі пәтерге» акция аясында Ақтөбе облысында табысталған 11-ші баспана. Нақтырақ айтқанда, Ақтөбе қаласында – 1 үй, Темір ауданында – 4 үй, Мұғалжар ауданында – 2 үй, Хромтау ауданында – 1 үй, Байғанин ауданында – 1 үй және Шалқар ауданында – 2 үй табысталды. Берілген 11 баспананың төртеуі діни қызметкерге берілсе, қалған жетеуі мұқтаж отбасыларға бұйырды. 

 

Діни сауат ашу курсы мен асхана салынуда

Бас имам Төлеби Дәділұлы Шалқар ауданында мешіт маңынан салынып жатқан құрылыс нысандарын аралады. Әуелі Шалқар ауданы, Бозой ауылдық «Аманғали ахун» мешітінің маңынан бой көтеріп жатқан асхана құрылысымен танысты. 300 адамға арналған мешіт асханасы ауыл кәсіпкерлерінің қолдауымен санылуда. Төрт айдың ішінде іргесі қаланып, қабырғасы көтеріліп, төбесі толықтай жабылған.

Сонымен қатар өткен жылы Шалқар қаласындағы «Жанаман ахун» мешітінің ауласынан діни сауат ашу курсы ғимаратын салу қолға алынған болатын. Аудан имамы Бақыт Тойшыбаев құрылыс нысанының тыныс-тіршілігімен таныстырып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жоспарларын баяндады. Жаңа ғимаратта ұлдарға және қыздарға арналған дәрісханалар, қызметтік бөлмелер, шәкірттерге арналған асхана мен дәретханалар және хасапхана қарастырылған.

Облыстың Бас имамы Төлеби қажы Дәділұлы аудан имамы Б.Тойшыбаев пен ауыл имамы Ы.Оразымбетовтың қызметтерін жоғары бағалап, құрылыс жұмыстарына жәрдем беріп жатқан барша Шалқарлық жамағатқа алғыс білдірді. Сондай-ақ, ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына орай, «Қайырымдылық керуені» Шалқар қаласында да өз жалғасын тауып, 50 отбасыға азық-түлікпен көмек көрсетілді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру