Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Маңғыстау облысы бойынша мешіттер ашылуға толықтай дайын

Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінің баспасөз қызметі beket-ata.kz 30.08.2020 2329 0 пікір
Маңғыстау облысы бойынша мешіттер ашылуға толықтай дайын

Ведомствоаралық комиссия шешіміне сәйкес 31 тамыздан бастап ҚМДБ-ға қарасты еліміздегі бірқатар мешіттер жекелеген намаз бен құлшылықтар үшін, санитарлық талаптарды сақтай отырып ашылатыны бәріңізге белгілі.

Осыған байланысты, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар Ізімбайұлының төрағалық етуімен өңірге қарасты аудан имамдарының қатысуымен онлайн форматта жиналыс өтті.

Аталмыш басқосу барысындағы негізгі мәселе - мешіттердің қайта ашылуынан кейінгі ҚМДБ тарапынан бекітілген талаптарды қатаң ұстану болды. Бас имам дін қызметкерлеріне осы талаптарға сай тиісті тапсырмалар беріп, оларды халыққа толықтай жеткізуді тапсырды.

Сондай-ақ, ҚМДБ тарапынан бекітілген дәстүрлі төрт бағыттан бөлек, жыл сайынғы «Мектепке жол» мен «Қайырымдылық керуені» қайырымдылық шараларын жалғастыру қарастырылды. Бұдан бөлек, мешіттердегі кезекшілік, тазалық мәселелері пысықталды. ҚМДБ жанынан басылып шығатын газет-журналдарға жазылу мәселесі де тілге тиек етілді.

«Алланың қалауымен, ертең мешіттеріміздің есігі ашылады. Бірақ біз босаңсымай, барынша жауапкершілік танытуымыз керек. Мешіт жамағатынан бөлек, имамдар өз денсаулықтарына да мұқият болсын. Мешіттерімізге келген әрбір адамға жұмсақтық танытып, олардың ҚМДБ тарапынан бекітілген талаптарға барынша сабырлықпен, түсіністікпен қарауға шақырыңыздар. Дұға етіп, Алладан еліміздің, халқымыздың амандығын сұрауға үндеңіздер», – деді Әнуар Ізімбайұлы.

Айта кетейік, ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имам Әнуар Ізімбайұлының тапсырмасымен өңірге қарасты барлық мешіттер қызу тексеретін құрылғылар және бетперделер қорымен қамтамасыз етілді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру