Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: Құрбан айт мерекесін қорытындылады

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі nurgasyr.kz 03.08.2020 446 0 пікір
Ақтөбе: Құрбан айт мерекесін қорытындылады

Ақтөбеде ардақты Пайғамбарымыз Мұхамедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) атынан нәпіл құрбан шалумен басталған қашықтан құрбан шалу шарасы өз мәресіне жетті. Карантин кезінде үйден шықпай, құрбан шалу рәсімін «Нұр Ғасыр» мешітінің ұжымына аманаттаған ақтөбеліктердің тапсырысы толықтай орындалды. Бұл туралы арнайы өткен брифнгте өңірдің бас имамы Төлеби Оспан мәлімдеді. 

Бүгін Ақтөбе облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткен брифингте облыстың бас имамы Төлеби Оспан мен Дін Істері басқармасының Басшысы Әлімбек Тұралиев құрбан айт мерекесінде атқарылған қайырымдылық шараларын қортындылады.

Сайт арқылы Ақтөбеде жалпы саны – 218 қой мен 2 ірі қара малды құрбандық шалуға сенім білдірсе, «qurban2020.kz» сайтына 749 мұқтаж көмек сұрап өтініш қалдырған. Уәде етілгендей құрбан шалушылардың барлығына бейне есеп жолданды. Құрбан малдары шариғат талаптарына сай сойылып, мұқтаждарға үлестірілді. Тіпті, малдың басы да үйітіліп, етпен бірге таратылды. Сайтқа тіркелген 749 мұқтаждың 611-не ет жеткізілді. Тізімдегі 122 адам өтініш беру кезінде қателесіп, бірнеше рет өтініш берген.

Сонымен қатар 4 адам байқаусызда басылып кеткен деп көмек алудан бас тартты. Ал, қалған 12 адам мекен-жайын не телефонын дұрыс толтырмағандықтан кері байланыс орнату мүмкін болмай отыр. Алайда, олардың да мекен-жайын анықтап құрбан еті жеткізілетін болады.

Бұдан өзге қала, аудан мешіттерінде құрбандық еттерін қабылдау пункттері қызмет етіп, үйден құрбан шалғандардың еттері қабылданды. Қашықтан құрбан шалу акциясы мен мешіттердегі қабылдау пунктеріне түскен еттерді қосқанда Ақтөбе облысы бойынша 2 278 мұқтаж жанға 11 тонна 397 келі құрбандық еттері таратылды. Аталмыш қайырымдылық шарасын қолдау мақсатында облыстық мәслихат депутаттары да өз үлестерін қосып, 1 ірі қара малын шалып көмек көрсетті.

Жекелекен мұқтаждардан бөлек «Қазақ саңыраулар» қоғамының Ақтөбе облысы бойынша бөліміне – 200 келі, «Чернобыль-Защита» АЭС апатынан зардап шеккен адамдардың аймақтық қоғамдық ұйымына – 60 келі, 18 жетім баланы бауырына басқан Жетесовтар отбасына – 40 келі, «Ансар» ақпараттық талдау орталығына – 100 келі, «Ақтөбе медресе» колледжіне – 190 келі және «Нұр Мүбарак» университетінің Ақтөбе қаласындағы дайындық курсына – 164 келі құрбандық еті берілді.

 Қала мешіттері тарапынан құрылған жұмыс тобы «Айбек» мал сою орнында үш топқа бөлініп қызмет етті. Бірінші топ – қасапшы, бата беруші және оператор. Екінші топ – еттерді жіліктеп, пакеттеуші. Үшінші топ – еттерді таратушы. Таңертең барлығының қызуын тексеріп кіргізген медицина мамандары мал сою кезінде барлық санитарлық талаптардың сақталуын қадағалады. ПД қызметкерлері мал сою орнының маңында тәртіптің сақталуы мен кісінің жиналмауын қамтамасыз етті. 

Биылғы айт мерекесі шіліңгір шілденің соңғы күндеріне сәйкес келгендіктен бұл шарада өте маңызды мәселе – еттерді бұзып алмай мұқтаждарға үлестіру. Ол үшін облыс әкімдігі арнайы тоңазытқышы бар 10 рефрижератор көлігін бөлді. Бұл таратушы топқа еттерді бұзып алмай белгіленген мекен-жайға жеткізуге мүмкіндік берді.

Бұған дейін айтқанымыздай, облыс әкімінің қос бірдей орынбасары Аманғали Бердалин мен Мейрамбек Шермағанбет бастаған топ шараның соңына дейін қызмет етті. Нақтырақ айтқанда, Полиция Департаменті, Дін істері басқармасы, Кәсіпкерлік басқармасы, Ветеринария басқармасы, Жедел жәрдем қызметі және «Айбек» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі қызметкерлері аянбай еңбек етті. Сондай-ақ, 40 мешіт қызметкерлері мен 60 ерікті жамағаттан құралған жұмысшы топ ел аманатын ақтау үшін аянып қалмады. Онлайн тапсырыс қабылдау, көмек сұрағандарды тізімге алып жеке-жеке хабарласу, шатасып кетпей құрбан малына бата беру, видеоға түсіріп құрбан шалуға есеп жіберу, таразымен өлшеп теңдей бөліп пакеттеу, мекен-жайын дәл тауып етті жеткізу – міне, осының барлығы да жұмысшы топқа жүктелген жауапты міндет болды. «Адамға алғыс айтпағанның, Аллаға шүкірі жоқ» демекші, атсалысқан барша азаматтарға ҚМДБ Ақтөбе өкілдігі атынан шынайы алғыс білдіреміз. Алла бірлігімізден айырмасын. Жасаған ісімізді сауаптан жазғай.

Сондай-ақ, Құрбан айт қарсаңында «Нұр Ғасыр» мешіті Ақтөбе қаласынан екі көпір салып, тұрғындардың пайдалануына берді. Шалқар ауданында мешіт ұжымы балаларға 200 балмұздақ таратса, облыстағы 20 мешітке мерекелік баннерлер ілінді. «Қайсар Relations» ЖШС-ның басшысы Таханов Қайырбек Ақтөбе қалалық орталық мешіті, Мұғалжар, Темір және Хромтау аудандарының мешіттеріне айт мерекесінің көркін беретін айшық кіші сәулет нышанын әзірлеп сыйға тартты.      

Осылайша, бас имам Төлеби Оспан бастаған жұмыс тобы қашықтан құрбан шалу шарасының сәтті аяқталуына шүкір ретінде Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) атынан тағы да бір құрбан шалумен тамамдады. 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі