Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫН ӨТКІЗДІ

inform.kz 31.07.2020 2809 0 пікір
МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫН ӨТКІЗДІ

Бүгін бүкіл әлем мұсылмандары атап өтетін Құрбан айт мерекесінде Мәжіліс депутаттары еліміздің әр аймағында коронавирус індетінің салдарынан қиын жағдайға тап болған қазақстандықтарға қайырымдылық шараларын өткізді. 

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, қасиетті мерекеде депутаттар мүмкіндігі шектеулі жандарға, көп балалы отбасылар мен қарттарға азық-түлік пен қажетті заттарды және жеке қорғаныс құралдарын жеткізді.

Нұр-Сұлтан қаласында Мәжіліс депутаттары Берік Оспанов, Асылбек Смағұлов және Нұржан Әлтаев мұқтаж жандарға көмек көрсетті. Олар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен бірге қарттар мен көпбалалы отбасыларға барып, азық-түлік пен құрбандыққа шалынған малдың еттерін берді.

Мәжіліс депутаттары бұл күндері тек ірі қалаларға ғана емес, облыс орталықтары мен шалғайдағы елдімекендерге де барды. «Ақ жол» партиясының парламенттік фракциясының жетекшісі Азат Перуашев елордадан 160 шақырым жерде орналасқан Ақмола облысының Ерейментау ауданында болды. Мәжілісмен 30 отбасына азық-түлік пен қажетті тауарлар жеткізді.

Сонымен қатар, А.Перуашев аудандық аурухананың дәрігерлері мен медицина қызметкерлерімен кездесіп, ауруханаға дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдарын сыйға тартты.

Сонымен қатар, қайырымдылық акцияларына Мәжіліс депутаттары «Халықтық коммунистер» фракциясының атынан Айқын Қоңыров пен Жамбыл Ахметбеков те белсенді қатысты. Мәжілісмендер «Шапағат» жобасы аясында көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлерге, сондай-ақ балалар үйінің бұрынғы түлектеріне азық-түлікпен көмек көрсетті.

Мәжіліс депутаты Абзал Ералиев Қызылорда облысындағы көптеген отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетті. Көрсетілген көмекке ризашылық білдірген өңір тұрғындары қазақстандық қоғамның басты құндылықтары - бейбітшілікті, келісім мен бірлікті және бір-біріне құрмет пен қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтті.

Айта кету керек, Құрбан айт мерекесі аясында қайырымдылық акциялары Мәжіліс депутаттарының есебінен ұйымдастырылды. Іс-шаралар барлық санитарлық нормалар мен карантин ережелерін қатаң сақтай отырып өткізілді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру