Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БҚО: Аудандық газет бастамасымен мұқтаж жанға үй берілді

Батыс Қазақстан облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі 05.06.2020 430 0 пікір
БҚО: Аудандық газет бастамасымен мұқтаж жанға үй берілді

Аудандық «Сырым елі» газеті мен Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Сырым аудандық орталық мешіті баспанасыз жігітке үйдің кілтін табыс етті.

«Сырым елі» газетінде Бауыржан Ширмединұлының «Анамды қайда апарамын?» атты мақаласы жарық көріп, сырқат анасы бар, баспанасыз, карантиннің кесірінен жұмыссыз қалған жігіттің тағдыры, оған баспана алуға халықтан көмек қажет екені жазылған болатын Аудандық газеттің қолға алуы және халықтың қолдауымен бір аптада 2 млн 246 мың теңге жиналып, газ, су кіргізілген 6 бөлмелі үймен бірге қажетті тұрмыстық техника, жиһаздар, ыдыс-аяқтар алынды. Мешіт жамағаты үйдің іші-сыртын ретке келтіру жұмыстарына атсалысты. 

Қоныстойда «Сырым елі» газетінің директор-редакторы Бауыржан Ширмединұлы ер азаматтың несібесі елге шашылып берілетінін, Алтынбектің несібесі бүгін өз қолына тиіп отырғанын, баспанаға қол жеткізудегі жүріп өткен жолдарынан хабардар етті.

Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов: «Аудандық мешіттің бас имамы Әділхан Наурызбай мен «Сырым елі» газетінің редакторы Бауыржан Ширмединұлының Рамазан айында қолға алған игілікті ісін бүкіл ел қолдады. Осы істің басы-қасында Темірлан Ғаббасов деген азамат та жүрді. Бұл – аудандық газет әперген екінші үй. Бұған дейін «Газеттен жасалған үй» жобасымен Көгеріс ауылынан үш балалы анаға баспана алып берген болатын. «Сырым елі» газеті елге, халыққа қажетті мәселелерді көтеріп жүр. Аудан әкімінің, барша әріптестерімнің атынан Алтынбек бауырымызды баспаналы болуымен құттықтаймын. Қолдау көрсеткен, қолғабыс білдірген облыстық орталық мешітке, азаматтарға шынайы алғыс білдіремін. Әрдайым бірлігімізбен, сыйластығымызбен, қамқорлығымызбен көріне берейік» деген лебізін жеткізді.  

ҚМДБ жанындағы «Зекет» қорының Батыс Қазақстан облысындағы өкілі, облыстық орталық мешіттің наиб имамы Самат Әлібаев: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде кім бұл дүниеде бір адамның мұқтажын өтесе, Алла Тағала Қияметте ол адамның мұқтажын өтейді» деген. Аудандық мешіт пен аудандық газет бастап, бүкіл ел қолдаған қайырымды істеріңізге Алла разы болсын. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен, «Зекет» қорының қолдауымен «Ел үлесі – пәтерге» жобасы бойынша 232-отбасыға баспанаға алуға үлес қосып жатыр», – деді. 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі