Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: Оразаның 20 күндігі қорытындыланды

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі nurgasyr.kz 17.05.2020 4590 0 пікір
Ақтөбе: Оразаның 20 күндігі қорытындыланды

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы карантин режиміне сәйкес келген Рамазан айын жоғары деңгейде атап өту үшін арнайы іс-шаралар жоспарын бекіткен-ді. Жоспар аясында Ақтөбе өкілдігі де карантин кезінде халыққа қалтқысыз қызмет етуге тырысып бағуда.

Ең әуелі Ақтөбе имамдары арнайы онлайн жиналыс өткізіп, ораза айында атқарылатын іс-шаралар жоспарын пысықтап алды. Облыс мешіттері мен көшелерге 40 дана құттықтау баннерлері ілінді. Тұрғындарға 13 920 ораза кестесі мен 1280 бетперде тегін таратылды.

Өкілдіктің ресми «nurgasyr.kz» сайтына 70-ке тарта жаңалық пен мақала жарияланып, facebook-те 93, instagram-да 42 материал жария көрді. Дін қызметкерлері 10 рет телеарнаға сұқбат беріп, газеттерге ораза жайлы 12 мақала жариялады.

Бас имам Төлеби Оспан облыс әкімдігінің бекітуімен «Ақтөбе» телеарнасына ораза басталғалы 3 мәрте тікелей эфирге шығып, жамағаттың сұрақтарына жауап беріп, оразаға қатысты муфтияттың мәлімдемелерін таныстырды. Бұдан өзге Бас имам «Асыл арна» телеарнасына «Садақа берудің сауабы» тақырыбында 1 сағаттық тікелей эфирге шығып, көпшіліктің сауалдарына жауап берді.

«Нұр Ғасыр» мешітінің Инстаграм парақшасынан найб имам Бекжан қари Әлденов күнделікті Құран хатым түсіруде. Өкілдік имамдары дүйсенбі мен жұма аралығында аптасына 5 күн инстаграм парақшасында халыққа 18 рет шығып, дәріс жүргізді. Оқырман тарапынан оразаға және әртүрлі тақырыптарға қатысты қойылған сұрақтарға жауап беруде.

Ақтөбе өкілдігі онлайн режимдегі қызметін жандандырып, халықтың мешітке келе алмайтындығын ескеріп, «РАМАЗАН 2020» атты мобильді қосымшасын арнайы іске қосты. Бұл қосымшаны 1400 адам жүктеп алған. Халықтың арасында жиі қойылатын әрі маңызды болған сауалдарға жауап ретінде «Оразаға қатысты 100 сұрақ» атты ватцап желісіне арналған PDF форматта материал дайындап ұсынды. «Нұр Ғасыр» мешітінің имамдары 20 күн ішінде «Telegram» парақшасы арқылы оразаға қатысты 200 сұраққа және телефон арқылы 95 сұраққа жауап берді.

Ақтөбе мешіттері – оразаның алғашқы 10 күндігінде жамағаттың қолдауымен 260 адамға – 3 260 000 теңге көлеміндегі қаражатқа 4,6 тонна ауызашар қоржынын таратcа, екінші 10 күндігінде 775 отбасыға 6 000 426 теңгеге 15 тонна азық-түлік қоржындарын үлестірді. Жалпы 20 күнде 1005 отбасыға 9 260 426 теңге көлеміндегі қаражатқа 19,6 тонна азық-түлік таратылды.

Имамдардың насихаттауымен Сағашилі ауылындағы «Әсем», «Кете», «Қанат», «Абай» азық-түлік дүкендерінде, ал Шалқар ауданына қарасты Айшуақ ауылындағы «Даража», «Томирис», «Нұрдәулет», «Айшуақ» дүкендерінде Рамазан айында алкоголдік ішімдіктер сатылмайтын болды.

Ақтөбе өкілдігі «Нұр Мүбарак» университетінде білім алып жатқан ақтөбелік екі студенттің әрқайсысының 480 000 тг көлемінде оқу ақысын демеушілердің көмегімен толықтай төлеп берді. Облыстық мешітте 40 мұқтаж отбасыға 1 миллион теңге көлемінде зекет үлестірілді.

Ақтөбе өкілдігі жергілікті жамағатты оразаның соңғы 10 күндігінде игілікке ұмтылуға үндей отырып, осы бағыттағы қызметтерін соңғы 10 күндікте қарқынды түрде жалғастырады.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру