Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Талдықорған: Ардақ Назаров бастаған жігіттер сауапты іске атсалысты

Талдықорған өңірі өкілдігінің баспасөз қызметі 14.05.2020 2996 0 пікір
Талдықорған: Ардақ Назаров бастаған жігіттер сауапты іске атсалысты

Белгілі спортшы Ардақ Назаров бастаған бір топ бауырларымыз «Daco Motors» және «Alem Fighters» спорт мектебінің демеушілігімен ҚМДБ-ның Талдықорған өңірлік өкілдігінде, орталық «Иман» мешітінде 500 отбасыға қайырымдылық қораптарын үлестірді. Салмағы 20-25 келі болатын қораптардың ішіне ең қажетті деген азық-түлік, жеміс, тәттілермен бірге медициналық маска салынды.

Ардақ Назаров пен Сырымбек Тауұлының мұрындық болуымен осы күнге дейін Алматы қаласында 6 мың, Алматы облысында 2 мың – барлығы 8 мыңнан аса азық-түлік қораптары үлестірілді.

Жүрегі кең, жаны жайсаң бауырларымыз «Жақсылық жәшігін жолдаймыз» деген жазумен қаптаған қораптың ішіне ақжарма тілектерін жазған хат салуды да ұмыт қалдырмапты. Ол хатта: «Ассалаумағалейкум, абзал жан! Айлардың сұлтаны Рамазан құтты болсын! Сіз өмірдегі ең бақытты жансыз! Сізді жаратылыстардың ең абзалы қылап жаратқан Раббыңызға шүкір айтыңыз. Өйткені, «Шүкір ету ризық-несібені арттырады»... Мейірімді жандардың жақсылық жәшігін шын жүректен қабыл алыңыз! Алла Тағаладан сізге және сіздің берекелі жанұяңызға амандық тілейміз! Оразаңыз қабыл болсын, ұстаған жан!» делінген.

ҚМДБ-ның Талдықорған өңірлік өкілдігінің ұйымдастыруымен атқарылған аталған іс-шараға Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Райылұлы арнайы қатысты. Қайырымдылық шарасына жиналған көпшілік жылы лебізін білдіріп, алғыс айтып тарқасты.

Жақсылықтың жаршысындай болған бауырларымыздың Алматы қаласы мен облыс аумағында атқарып жүрген аталмыш ізгі амалы әрбір өңірдің азаматтарына өнеге боларлық! Ел басына күн туған сынақ кезеңде ағайынның арасынан табылып, барымен бөлісіп, қазақтың дархан көңілін паш еткен бауырларымызға Алланың разылығы мен амандығын, берекетін тіледік!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру