Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: Рамазанның алғашқы он күнінде 15 тонна азық-түлік таратылды

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі nurgasyr.kz 04.05.2020 2953 0 пікір
Ақтөбе: Рамазанның алғашқы он күнінде 15 тонна азық-түлік таратылды

Рамазан – Рахым айы. Жақсылықта жарысатын ай. Осы орайда ерекше жағдайда өтіп жатқан ораза кезінде Ақтөбе өкілдігі бірқатар игі шаралардың ұйытқысы болуда.

Мәселен, Ораза айының алдында 17 сәуірде «Нұр Ғасыр» мешіті облыстық мәслихат депутаттарымен бірігіп, Алланың 99 көркем есімін ұлықтай отырып, 99 балаға жалпы құны 2 миллион теңге құрайтын қаражатқа 3 тоннаға жуық азық-түлік қоржындарын табыс етті. Осылайша барша кәсіпкер азаматтарға Рамазан айында жақсылық жасауға Үндеу тастады.

Биыл ораза кезінде індеттің алдын алу мақсатында мейрамханалар мен асханаларда, тіпті, үйде ауызашар дастархандарын жайып, қонақ шақыру уақытша тоқтатылды. Алайда, Бас мүфти Наурызбай қажы Өтпенов ауызашар бергісі келетіндерді мұқтаж отбасыларға азық-түлікпен көмек көрсетуге үндеген болатын. Осыған орай, Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби қажы Оспанның ұйытқы болуымен өңірдегі мешіттерде «Ауызашар қоржыны» атты қайырымдылық акциясы қолға алынды. Акцияның мақсаты – ораза ұстаушылардың карантин режимін сақтауына жәрдемдесу, ауызашар бергісі келетіндердің ниетін жүзеге асыруына мүмкіндік жасау және мұқтаж отбасыларға көмек көрсету.

28 сәуірде «Нұр Ғасыр» мешітінде 50 адамға 700 келі «Ауызашар қоржынын» тарату басталды. Бұл шара Шалқар, Қобда, Мұғалжар, Хромтау, Темір аудандарында да жалғасын табуда. Сондай-ақ, 1 мамыр - Қазақстан халқының Бірлігі күні, Ақтөбе қалалық мешіті қала әкімдігімен және қалалық мәслихатпен бірлесіп, 200 отбасыға 7 тонна 200 келі азық-түлік үлестірді.

Ал бүгін, 4 мамыр күні тағы да «Ауызашар қоржыны» қайырымдылық акциясы аясында «Нұр Ғасыр» мешіті 100 отбасыға 1 тонна 400 келі азық-түлік таратты. Көмек қоржындарын алдын ала өтініш берген мұқтаж отбасыларға «Нұр Ғасыр» мешітінің ерікті жамағат жастары тегін жеткізіп берді.

Осылайша қасиетті Рамазанның алғашқы онкүндігінде Ақтөбеде 788 адамға – 6,2 миллион теңге көлеміндегі қаражатқа 15 тонна «Ауызашар қоржыны» таратылды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру