Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БІРЛІКПЕН БҰЛ СЫНАҚТЫ ДА ЕҢСЕРЕМІЗ

ҚМДБ баспасөз қызметі muftyat.kz 30.04.2020 4919 0 пікір
БІРЛІКПЕН БҰЛ СЫНАҚТЫ ДА ЕҢСЕРЕМІЗ


Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

 

Қадірлі қауым!

Баршаңызды қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген, мамыражай мамырдың алғашқы күнінде атап өтетін бірлік мерекесімен құттықтаймын!

Әр отбасына, еліміздің әр азаматына бақыт пен береке, татулық пен бірлік тілеймін. Жаратқан отбасымызға жар болғай! Әмин!

Алланың қалауымен биыл оразаны оқшаулану жағдайында қарсы алып, бірлік мерекесін үйде атап өтуге тура келді.

Елімізде төтенше жағдайдың жариялануы – аса қажетті уақытта қабылданған шешім. Бұл халықтың денсаулығы мен өмірін сақтау жолындағы игі қадам дер едік. Ендігі мақсат – бірлігімізді танытып, карантин талаптарын сақтап, жұқпалы дертпен жұмыла күресу.

Қоғамның даму жолында халықтың бірлігі қашан да қымбат құндылық болған. Әлемді жайлаған бүгінгі сындарлы сәтте оның маңыздылығы одан сайын арта түсуде. Бірліктің арқасында жұқпалы дертті жойған елді көріп отырмыз.

Ислам діні барша ұлтты татулықта, өзара құрмет пен келісім аясында өмір сүруге үндейді. Жаратушы Жаббар Иеміз қасиетті Құранда адамзат баласына: «Алланың жібінен мықтап ұстаңдар, ажырап бөлінбеңдер» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят), – деп бұйырған. Дана халқымыз «Ырыс алды – ынтымақ» дейді. Бірлігі бекем елге береке орнайды. Жаратқанның жәрдемімен ынтымақтың арқасында осы сынақты де еңсереміз деген үміттеміз.

 

Құрметті отандастар!

1 мамыр – бірлік мерекесі құтты болсын! Сіздерге Алладан амандық, құт пен береке тілеймін.

Жаратқан Жаббар Иеміз жер бетінде жұқпалы індетті жойып, баршамызды қуанышты сәтте қауышуды нәсіп еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әмин!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру