Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: Онлайн шаралар жалғасуда

Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі 30.04.2020 3798 0 пікір
Ақтөбе: Онлайн шаралар жалғасуда

Ақтөбе облысының бас имамы Төлеби қажы Оспан бастаған орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің имамдары, елдегі төтенше жағдай кезінде қалың жамағатпен байланысын үзбей, онлайн режимде діни қызметін жалғастырып отыр.

Күнделікті құптан намазынан бұрын жамағатқа тікелей эфирде 10-15 минуттық ақшам дәрістері ұйымдастырылып келеді. Дін қызметкерлері мешіт жамағатын, жалпы жергілікті жамағатты жақсылыққа үндеп, халықты имандылыққа шақыруда.

Қасиетті Рамазан айында да «Нұр Ғасыр» мешітінің oнлайн дәрістері жүйелі жүргізілуде. 27 сәуірде жергілікті уақытпен сағ. 19.30-да тікелей эфирде «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы, ұстаз Нұрлыбек Шакизадаұлы Фиқһ дәрістерін жалғастырып (5-дәріс), «Пітір және підия садақасының шариғаттағы орны» туралы айтты. Ал сағ. 21.10-де (ауызашардан кейін) өткен тікелей эфир барысында ұстаз Төлеби Дәділұлы «Тарауихта оқылатын сүрелер туралы» дәрісінен «Әли Имран» сүресіне тоқталды.

Айта кетейік, онлайн дәрістер кестесіне сәйкес, Төлеби Оспанның «Тарауихта оқылатын сүрелер туралы» дәрісі – дүйсенбі және бейсенбі күндері, Нұрлыбек Шакизадаұлының Фиқһ дәрісі дүйсенбіде өтеді.

Мұнымен бірге апта сайын «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұловтың Ақида дәрісі – сейсенбіде, наиб имам Қайрат Дәрменовтың Ахлақ дәрісі сәрсенбіде өтіп келеді. Ал Ақтөбе медресе-колледжінің директоры Әбдімүтәлі Қайназарұлының Отбасы құндылықтары туралы дәрісі жұма сайын өтуде.

Сондай-ақ, карантинге байланысты «Нұр Ғасыр» мешітінде 23 сәуірден бастап жергілікті уақытпен 14.00-де онлайн Құран хатым түсірілуде. Қалың жамағаттың үйде отырып, 22 мамырға дейін күніне бір пара Құран тыңдап, Бекжан қари Амангелдіұлымен бірге онлайн хатым түсіруге мүмкіндігі бар.

Тікелей эфир «Нұр Ғасыр» мешітінің @nur_gasyr инстаграм парақшасында өтетінін еске саламыз. Ақтөбелік ұстаздардың онлайн режимдегі тағылымды дәрістерінен діни білімге құштар мешіт жамағатының, жалпы жұртшылықтың мол тағылым алып, ғибратты ой түйетіні сөзсіз.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру