Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: Имамдардың онлайн жиыны өтті

Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі 22.04.2020 2659 0 пікір
Ақтөбе: Имамдардың онлайн жиыны өтті

Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби қажы Оспанның басшылығымен өңір имамдарының Рамазан қарсаңындағы ауқымды онлайн жиыны өтті.

Еліміздегі төтенше жағдай кезінде қасиетті айды қарсы алып, ораза тұтуға байланысты қозғалған басқосуға облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамдары Н.Шәкизадаұлы, Қ.Дәрменов, Н.Смағұлов, С.Саметов – офлайн, ал қала мен аудандардың Бас имамдары онлайн режимде қатысты.

Биылғы қасиетті Рамазан айын иісі мұсылман сынды, біздің еліміздің мешіттері мен жамағаты айрықша жағдайда қарсы алып отыр. ҚМДБ тарапынан таратылған ақпаратқа орай, қауіпті індеттің таралу қаупін ескеріп, тарауық намазы үйде оқылады. Мешіттерде тарауық намазы оқылмайды және басқа да бірқатар ерекшеліктер бар.

Ақтөбелік имамдардың онлайн жиыны барысында діни басқарманың мәлімдемелерін халыққа жеткізуге қатысты ақпараттық түсіндіру жұмысын кеңінен өрбіту мәселесі күн тәртібіне қойылды. Мұнымен бірге оразадағы пітір садақасының мөлшері ҚМДБ Төралқасының бірауызды шешімімен еліміз бойынша 370 теңге болып белгіленгені тілге тиек етілді. Ал пітір садақалар үшін арнайы жәшіктерді мешіттердің сыртына және ірі гипермаркеттерде орнату керектігі сөз болды.

Сонымен қатар мүфтияттың бастамасымен карантин кезінде үйден шықпай-ақ, пітір, підия, зекет садақаларын әр адам Kaspi.kz қосымшасы арқылы беруіне болатыны еске салынды. Сондай-ақ, Құран айында күнделікті уағыз-насихатты онлайн жүргізуден бастап, мешіттердің ішкі-сыртқы тазалығы мен тәртібі, қайырымдылық іс-шараларын жүйелі түрде өткізуге дейінгі өзекті мәселелер егжей-тегжейлі айтылды.

Ақтөбелік ағайынның оразаға қатысты сауалдарына жедел жауап беру үшін арнайы +7 (700) 095 09 00 телефон желісі іске қосылғандығы хабарланды. Өңір имамдарымен онлайн жиын өткізген Төлеби Дәділұлы әріптестерін қасиетті Рамазан айында діни рәсімдерін атқаруға қатысты жауапкершілікті терең сезініп, ұйымшылдық танытуға шақырды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру