Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Маңғыстау: Құран айына дайындық

Маңғыстау облысы орталық мешітінің баспасөз қызметі 19.04.2020 2838 0 пікір
Маңғыстау: Құран айына дайындық

Маңғыстау облысында қасиетті Рамазан айына дайындық жұмыстары басталды. Осыған орай ҚМДБ Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлының төрағалық етуімен аудан-ауыл имамдарының басқосуы өтті.

Жиында Әнуар Ізімбайұлы биыл пітір садақасының төменгі құны 370 теңге болып белгіленгенін жеткізді. Бұл 2 келі ұнның бағасына тең. Сондай-ақ, пітір, підия, зекет садақаларын Kaspi Bank қосымшасы арқылы үйден беруге болатынын хабарлады.

«Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оразаны айдың тууына қарап бастап, аяқтаңдар. Егер ай көрінбесе, Шағбан айын отыз күнге толтырып, бастай беріңдер» деген. Шариғат бойынша, балиғат жасқа толған, ақыл-есі дұрыс, дені сау мұсылман баласына ораза ұстау – парыз. Жолаушылар, сырқат жандар, жүкті немесе балалы әйелге ораза тұтуды кейінге қалдыруға рұқсат етіледі» деді облыстың бас имамы.

Елдегі короновирус індетінің жаппай таралу қаупі салдарынан тарауық намазы үйде оқылады. Ауызашар дастарханы да мешітте емес, ораза ұстаушының өз шаңырағында жайылады. Биылғы ораза айының осындай өзгешеліктерін алға тартқан Әнуар Елжанов имамдарға тиісті тапсырмалар беріп, мешіттің ішкі-сыртқы тазалығы мен тәртібін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру