Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: 99 балаға базарлық тарту етілді

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі nurgasyr.kz 17.04.2020 3256 0 пікір
Ақтөбе: 99 балаға базарлық тарту етілді

Бүгін, қасиетті жұма күні Ақтөбе облыстық мәслихат депутаттары «Нұр Ғасыр» мешітімен бірлесіп, Ораза айының қарсаңында мүгедек балаларға Рамазан базарлығын ұсынды.

Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби қажы Оспанның айтуынша, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Біз біргеміз» және Бас Мүфти Н.Өтпеновтың «Жүрек жылуы» атты қайырымдылық акциясы аясында, 99 балаға жалпы құны 2 миллион теңгені құрайтын мерекелік азық-түлік қоржындары табыс етілді.

Мерекелік Рамазан қоржынына 22 түрлі азық-түлік салынған. Оның ішінде балаларға арналған әртүрлі тәттілер, жеміс-жидектер, ораза кезінде қажетті құрма мен басқа да күнделікті тұтынатын тағам түрлері бар.

99 саны – тектен-тек алынған емес. Бұл санның таңдалуы, Алланың 99 көркем есімімен байланыстырылып отыр. Алла Тағаланың 99 көркем есімін білетін және құдіретіне сенетін жандар, Жаратушыны ұлықтаудың шарапаты шексіз екенін біледі. Алла Тағала – жоқтан бар етуші, аса кешірімді, ерекше мейірімді, асқан жомарт, рызық берушілердің ең хайырлысы... Сабырлыға сый беруші, дертке шалдыққанға шипа беруші! Міне, осылай Оның көркем есімдерін тізбектей беруге болады.

Сондықтан Алланың осындай көркем есімдерін дәріптей отырып, қайырымдылық шарасын ұйымдастырған ақтөбеліктер Елге, Әлемге төнген індеттен арылуға дұға жасады. Әлбетте, осынау игі қадам – «қарылғаштың қанатымен су сепкеніндей», мүгедек балалардың денсаулығына қамқорлық танытып, олардың сауығып кетуіне тілектестік ниеттің бір көрінісі болғаны сөзсіз.

Ораза қарсаңында қайырымдылық ишаратын жасағандағы басты мақсат: Рамазанға лайықты дайындалу, жұртшылықты жақсылықта жарысуға шақыру, көпшілікті ізгілікке үндеу болып табылады. Жалпы, өңірдегі мешіттерде жергілікті жамағаттың қолдауымен, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен мұқтаж жандар үшін әртүрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастыру ораза айында да көзделуде.

Игілікті бастама көтерген мәслихат депутаттары, сауапты эстафетаны Ақтөбе облысы мен басқа да өңірлердегі барша кәсіпкерлер мен жомарт жандарға жолдап, сауабы мол айда мұқтаж жандарға қуаныш сыйлап, көмек көрсетуге шақырды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру