Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Маңғыстауда «Жүрек жылуы» акциясы жалғасып жатыр

Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінің баспасөз қызметі 14.04.2020 3055 0 пікір
Маңғыстауда «Жүрек жылуы» акциясы жалғасып жатыр

Карантинге байланысты, көптеген тұрғындар материалдық қиындықтарды сезінуде. Осыған орай, Маңғыстау өңірінде де  аз қамтылған отбасылар мен мұқтаж жандарды қолдауға мән беріліп, «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы жалғасын тауып отыр.

– Соның бірі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовтың кәсіпкерлерге Үндеуінің аясында қолға алынды. Маңғыстаулық кәсіпкер кең көңілі мен жомарт мінезін көрсетіп, Қостанай облысынан аймағымызға 1 вагон ұн алдыртты. Ел басына күн туған қиын күндерде мұқтаж жандарға қол ұшын созып, мейірімді жүрегінің жылуын аямаған бауырымызға Алланың нұры жауғай! 1400 отбасына жоғары сапалы 50 келілік ұн үйді-үйге таратылды, - дейді Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжанов.

Қостанайлық ұн 1 мыңға жуық Мұнайлы ауданындағы «Миғраж», «Ар-рахман» мешіттерінің ұйымдастыруымен, Атамекен, Маңғыстау, Батыр және Басқұдық ауылдарының тұрғындарына таратылса, 100 қабы Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр, Сайын ауылдарына жөнелтілген. Сондай-ақ,  жұқпалы індеттің кесірінен қауіпсіздік үшін уақытша үйде отырған ақтаулық аз қамтылған отбасылар да бір-бір қап ұн алып, Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің қызметкерлеріне алғыстарын жаудырды.

Әнуар Ізімбайұлының айтуынша, мешіттер тізіміндегі көмекке зәру жандарға материалдық қолдау алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру