Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қызылорда: Бас имам облыс әкімімен кездесті

Қызылорда облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі aqmeshit.kz 08.04.2020 2979 0 пікір
Қызылорда: Бас имам облыс әкімімен кездесті

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша бас имамы Болатбек Абуовпен кездесті.

Кездесуде облыстағы діни ахуал және коронавирустың таралуын болдырмау шаралары талқыланды.

«Облыста коронавирустың таралуын тежеу бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. Аймақтағы мешіттердің жұмысы уақытша тоқтатылды. Қазіргідей карантин кезінде сіздер жүргізетін ақпараттық-түсіндірме жұмыстарының маңызы зор. Осы бағытта жұмыс істей береміз деген үміт басым», – деді облыс әкімі.

Бас имам Болатбек Ұласқанұлының айтуынша, өкілдіктің жұмысы ақпараттық-насихат, білім беру, қайырымдылық және жат ағымдармен күрес бағыттары бойынша жүргізіледі. Өңір бойынша 178 мешітте 253 діни қызметкер жұмыс істейді. Сонымен қатар, 78 сырбойылық жас Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрак» университетінде білім алуда. Оның ішінде биыл университетті 14 қызылордалық шәкірт аяқтайтын болса, медресе-колледждерді 36 жас тәмамдайды.

Жамағатқа уағыз айтып, тұрақты жүргізілетін діни сабақтардан бөлек, имамдардың тікелей атсалысуымен қайырымдылық шаралары үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Осы күнге дейін облыста қайырымдылық шаралары арқылы аз қамтылған 20-ға жуық отбасы баспаналы болған.

Таяуда орталық мешіт жанынан діни мәселелер  жөнінде 8 707 921 47 15 телефон нөмірі бойынша кеңес беру орталығы ашылды. Ал әлеуметтік желілердегі ресми парақшалар арқылы онлайн сабақтар жүргізілуде.

Кездесу соңында аймақ басшысы елдегі төтенше жағдайға байланысты имамдар жұртты бірлікке шақырып, қасиетті Рамазан айы қарсаңында карантин талаптарына баса мән беруге шақырды.

«Бұл – бүгінгі күні бірлесіп атқарылатын жұмыстың ең маңызды бағыты», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру