Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БҚО: Мешіттерде дезинфекция жүргізілуде

БҚО бойынша өкілдіктің баспасөз қызметі 24.03.2020 2612 0 пікір
БҚО: Мешіттерде дезинфекция жүргізілуде

Қазіргі уақытта ҚМБД-ның БҚО бойынша өкілдігі сақтану шараларын қалай жүргізіп жатқанын білмекке ақшам намазы алдында облыстық орталық мешітке бас сұқтық. Мешіт есіктерінің тұтқалары ақ дәкемен оралған екен.

Әдетте, бірі Құран оқып, бірі діни уағыз айтып жататын жамағат қарасы көрінбейді. Құлшылық үйі әуелден таза ұсталатыны мәлім. Облыстық орталық мешіттің наиб имамы Бақытжан Құралбайұлы санитарлық талапқа сәйкес мешіттің іші күн сайын дезинфекцияланып тұратынын айтты.

– Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Ауруды көрсеңдер, жыртқыш аңнан қашқандай, қашыңдар» деген. Бұл өсиетте сақтану шараларына көңіл бөлу, індет жұқтырған науқастан мейлінше қашық жүру насихатталған. Карантин аймағынан жапатармағай босып кету дегенді білдірмейді. Құран аятында да «Өз-өздеріңді өлтірмеңдер» деп жазылған.Яғни денсаулықты сақтау аманат болып есептеледі. Мемлекеттен дін бөлек деп қарау дұрыс емес. Бәріміз де мемлекетке жәрдемдесіп, аурудың алдын алуға атсалысуымыз керек. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жамағат болып бес уақыт оқылатын және жұма намазына тыйым салды. Елдегі мұсылмандар жұма намазының орнына үйде бесін намазын өтейді. Облысымыздағы барлық мешіт ашық болады, азан шақырылады. Мешітте имамдар қызметін жалғастыра береді. Көшеде жүргенде, парыз амалын өтеуге мүмкіншілік болмаған жағдайда, мешітке келіп, әркім намазын жеке оқуына рұқсат. Оның өзінде соған қарастырылған бөлме ауасы ауық-ауық тазартылып тұруы керек. Коронавирус жұқпасы темірден жасалған нәрселерде ұзақ сақталады екен. Сондықтан есік тұтқалары ақ дәкемен оралып, дезинфекция жасалынып отырады, – деді Бақытжан Құралбайұлы.

Орталық мешіт наиб имамының сөзінше, Құран оқуға үйрететін дәріс курстары тоқтатылған. Мешітте топ болып отыруға рұқсат етілмейді. Орал қаласындағы медресе шәкірттері де онлайн оқуға көшкен. ҚМБД пәтуасына сәйкес, мешіт жанындағы асханаларда өтетін құдайы ас, садақалар, марқұм болған адамның жетісі, қырқы, жылынөткізу тәрізді дәстүрлі кәделер уақытша тоқтатылған.

Облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы Жәнібек Мукателовтың айтуынша, облыста 78 діни бірлестік бар. Соған сәйкес 76 ғибадат үйі, діни іс-шараларды өткізуге арналған 5 орын белгіленген. Наурыз айында ұйымдастырылған жиында діни бірлестіктер төрағаларына көпшілік болып ғибадат ету қауіпті екені жайында айтылып, жауапты құрылымдар тарапынан коронавирустан сақтанушараларынжүргізуге байланысты ұсыныстар жасалған. Тұрғындардың басым көпшілігі Ислам дінін ұстанатыны мәлім. Өңірде 47 мешіт бар. Барлық мешітте дезинфекция тұрақты жүргізіледі. Қазіргі уақытта Қазақстаннан бөлек, Сауд Арабиясы, Кувейт, Түркия, Тәжікстан, Өзбекстан мүфтияттары жамағат намазын үйде оқуға үндеуде.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру