Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Атырауда қайырымдылық орталығы ашылды (ФОТО)

Атырау облыстық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі amin.kz 22.03.2020 3419 0 пікір
Атырауда қайырымдылық орталығы ашылды (ФОТО)

Ұлыстың ұлы күні Атырауда қайырымдылық орталығы жұмысын бастады. 

«Атырау облыстық «Иманғали» мешіті жанынан ашылып жатқан «Ықыласты бауырлар» қайырымдылық орталығының басты мақсаты – мұқтаж бауырларымызға көмек қолын созу» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Орталық екі бағытта жұмыс істейді. Біріншіден, орталық көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен, жетім және жартылай жетім, мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік пакетін таратып отырады.

«Екіншіден, Атырау қаласы аумағындағы азаматтар осы орталыққа өздерінің киілмей тұрған киім-кешектерін тапсыра алады. Біз сол киімдерді химиялық тазалудан өткізіп, мұқтаж отбасыларға таратамыз. Бір-біріне бауыр саналатын мұсылмандар қуанышпен бірге, қиыншылықтарды да бірге жеңуі керек. Бүгінгідей елімізде орын алып жатқан төтенше жағдайда бұл орталықтың ашылуы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін үлкен демеу болары сөзсіз. Ендеше, Алла разылығы үшін орталық жұмысына атсалысып отырайық» деді А.Ұтысханұлы.

Еске сала кетелік, бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Атырау облысы бойынша өкілдігі жанынан “Ықыласты бауырлар” еріктілер қозғалысы ашылған болатын. Бұл қозғалыс негізінен қайырымдылық шаралармен айналысады.

Ал, жас буынды біріктіріп келген «Иман жастары» қозғалысы мешіттің ішкі ұйымдастыру жұмыстарына жұмылдырылуда.

Атап өтерлігі, «Ықыласты бауырлар» қайырымдылық орталығының ашылуы – елімізде жарияланған «Волонтер жылына» сәйкес келіп отыр.

Сондай-ақ бүгін қайырымдылық мекемесінің ашылуы және Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің құрметіне бүгін жиырма отбасына азық-түлік таратылды.

Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар қамтылған азық-түлік пакеттерін мұқтаж бауырларымызға Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы өз қолымен табыс етті.

Қайырымдылық орталығы Атырау қаласы, Грибоедова көшесі, 4 үйде орналасқан.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру