Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Атырау: Қос ауданның бас имамдары тағайындалды

Атырау облыстық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі amin.kz 13.03.2020 4100 1 пікір
Атырау: Қос ауданның бас имамдары тағайындалды

Бүгін Атырау облысының Құрманғазы және Жылыой аудандарына жаңадан бас имам тағайындалды.

Енді «Жылыой мұсылмандары» аудандық орталық мешітіне Жасұлан Қағазғалиев басшылық етеді. Жаңа имамды Жылыой ауданына арнайы іс-сапармен барған Атырау облысының бас имамы Алтынбек қажы Ұтысханұлы жұма намазы алдында жамағатқа таныстырды.

«Жасұлан Қағазғалиев – білімді де білікті маман, жергілікті жұртшылықпен бірлескен түрде қоян-қолтық еңбек етеріне сенемін. Алла әр ісімізге берке бергей» деді Атырау облысының бас имамы Алтынбек қажы Ұтысханұлы.

2011 жылдан бері Жылыой ауданына рухани ұстаз болып келген Арман Исаев Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы қызметіне тағайындалды.

Іс шара барысында Жылыой ауданының әкімі Азамат Бекет ұстаз Арман Исаевқа алғыс хат табыс етіп, жаңа жұмысына сәттілік тіледі.

Жамағат атынан сөз алған кәсіпкер Сәлімжан қажы Қапанұлы Арман Исаев имамдық еткен кезеңде Жылыой ауданының діни өмірінде оң өзгерістер болғанын атап өтіп, қазақы дәстүрге сай шапан жапты. Оған қоса, жылыойлық жомарт жандар сыйлаған темір тұлпардың кілтін табыстады.

Ал Құрманғазы ауданының жамағатына жаңа әрі жас имам Еламан Бегалиевті Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінің наиб имамы Мұрат Ғазизов таныстырды.

«Бұған дейін жергілікті орталық мешіттің наиб имамы қызметін атқарып келген Еламан Бегалиев енді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Құрманғазы аудандық орталық «Темірәлі» мешітінің имамы қызметіне тағайындалып отыр. «Дін – өте нәзік сала. Жаңа қызметте Еламан Бегалиевтің кәсіби шеберлік танытып, асыл дінімізді насихаттап, рухани ағарту саласында жұртшылықпен ынтымақтастықта еңбек етеріне сенім мол» деді М.Ғазизов.

Ал, бұған дейін Құрманғазы ауданының бас имамы қызметін атқарған Мейрамбек Қожахметов басқа қызметке ауысты.

Пікірлер (1)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Абдурахман | 14.03.2020 09:44

Еламан Бегалиев Темірәлі мешітіне наиб имам болып тағайындалды деп жазылыпты. Текстте қате кеткен ау дейм?!

Администратор | 22.03.2020 04:26

Ассалаумағалейкум! Қай жерде жазылған?