Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтау: «Асыл ана» әжелер мектебі ашылды

Маңғыстау аймағы өкілдігінің баспасөз қызметі 11.03.2020 4148 0 пікір
Ақтау: «Асыл ана» әжелер мектебі ашылды

Ақтауда облыстық Бекет ата мешіті жанынан «Асыл ана» әжелер мектебі ашылды. Бұл жайлы облыс мешіттерінің әйел ұстаздары, қажылар мен көп балалы аналар, жамағат өкілдері қатысқан шара барысында Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжанов хабарлады.

Әжелер мектебі қыз бала тәрбиесіне көңіл бөліп, оны ана болуға дайындап, жастарды жат ағымнан сақтандырып, дұрыс бағыт-бағдар береді.

«Кемшіліксіз қоғам болмайды. Ал қоғамның кемшілігін түзететін – адамның өздері. Әсіресе үлкендеріміз, аталар мен әжелер. Қыз бала – біздің  ұрпағымыз, сүйегіміз, қанымыз. Оларға дұрыс бағыт беруіміз керек. Олар өздерінің өмірлік жолын жас кезінен анықтайды. Сондықтан, қыз баланың тәрбиесіне ертерек көңіл бөлу қажет. Ұл балаға қарағанда, қыздың жолы жіңішке әрі ауыр. «Қызым үйде, қылығым түзде» дегендей, қыздарымыз өскен сайын әрбір ата-ананың алаңдайтыны рас. Ұлттың ұлттық бейнесі қыз баланың ар-намысынан көрінеді. Ұлттың ұлт болып қалыптасуы алдымен қыздың тәрбиесіне байланысты» деп атап өтті Әнуар Елжанов. 

Облыстық Бекет ата мешіті Әйел-қыздар секторының жетекшісі Ақмарал Қазиева әйел жамағатының қатысуымен қыз бала тәрбиесіне арналған шаралардың қалай атқарылып жатқаны туралы баяндады. Айтуынша, ақ жаулықты, абзал жүректі аналар мешітте қыз балаларды қолөнерге баулып, көрпе, құрақ құрау, ас дайындап, тәттілер пісіру жайлы шеберлік сағатын өткізіп, ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрден дәрістерге қатысып жүр. Солардың бірі – көпбалалы ана Ақзер Ағаділова. Бес баланың анасы Ақтау  мешітінің белсенді жамағаты ретінде игі шараларға үнемі атсалысып келеді.

«Өкінішке қарай, абзал аналардың атына кір келтіріп жүрген қыздар жоқ емес. Келіндік қызметін дұрыс атқармайтын жастар да жетерлік. Сол жастарды тәрбиелеп, оң жолға тарту – аналар мен әжелердің міндеті. Үлкендердің «дәретсіз қазан ұстама, ошақ басына барма» деген сөзінде қанша парасаттылық, қазақылық және тазалық бар. Олай болса, әжелер мектебінің ашылуы – өзекті де қажетті оқиға деп санаймын» деді Ақзер Ағаділова.

Шара соңында Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжанов пен Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Қайрат Момынбаев Ислам дінін насихаттап, имандылық жолында қызмет етіп жүрген бірқатар қыз-келіншектерге алғыс айтып, сыйлықтар табыстады.  

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру