Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Абай-175: Ақын өлеңдерін жатқа айтып жарысты

Хромтау аудандық «Нұр» мешітінің баспасөз қызметі 05.03.2020 2363 0 пікір
Абай-175: Ақын өлеңдерін жатқа айтып жарысты

Ақтөбе облысының Хромтау ауданында «Абай дара, Абай дана қазақта!» атты жастар арасында Абай өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқудан облыстық байқау өтті. Шараны ҚМДБ Жастар ісі секторының Ақтөбе облысындағы өкілдігі мен Хромтау аудандық «Нұр» мешітінің ұйымдастырды.

Хромтау ауданына қарасты Дөң ауылында өткен шараға Ақтөбе облысының бас имамы Төлеби қажы Дәділұлы мен аудан әкімі Нағымжан Алдияров қатысып, Абай шығармаларының шоқтығы биік екенін айта келе, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.

Қазылар алқасына Төлеби қажы Дәділұлы төрағалық етті. Айтуынша, отыздан астам сайыскер арасынан үздігін анықтау оңайға соқпаған екен. Себебі, облыстық додаға әр қатысушы жақсылап дайындалып келіпті. Бірі – арнайы сахналық образбен шықса, енді бірі – қазылардың тосыннан қойған сындарынан мүдірмей, байқау шартынан тыс болса да, Абайдың әнін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Нәтижесінде, қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші орын Мәртөк ауданынан келген Ұлдай Тапаеваға бұйырды. Бұған дейін бірнеше байқауда топ жарып жүрген ол бұл жолы да бабында екенін көрсетті. Екінші орын Дархан Сайлаубек мен Григорий Семенкоға бұйырды. Осы арада айта кетерлігі, байқау шартында ІІ орын біреу ғана болатын. Үшінші орынның жүлделерін Диас Жасағанберген мен Нұрсұлтан Әбжанов иемденді. Сондай-ақ, Гүлзада Кереева, Шәкәрім Махай және Қадірбек Өтеулиев ынталандыру сыйлығына қол жеткізді. Жарыстың басқа қатысушылары алғыс хатпен марапатталды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру