Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Шымкент: «Халал өнім – денсаулық кепілі» семинары өтті

Халал өнімдерін стандарттау бөлімі 05.03.2020 2586 0 пікір
Шымкент: «Халал өнім – денсаулық кепілі» семинары өтті

ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына орай халал өнімдерді насихаттауға бағытталған «Халал өнім – денсаулық кепілі» тақырыбында аймақтық семинар өтті. Шараны Шымкент орталық мешіті ұйымдастырды.

Семинарға ҚМДБ Халал өнімдерін стандарттау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков, Шымкент қаласының бас имамы Бақтыбай Бейсенбаев, «Халал Дамудың» жауапты маманы Қазыбек Сарыбаев қатысты.

Жергілікті имамдар мен кәсіпкерлерге арналған семинар барысында бөлім меңгерушісі Смайыл Сейтбеков «Халал Дамудың» атқаратын қызметі мен міндеті, бағыттары, сертификаттау барысында қойылатын басты талаптардың  ерекшелігі, өнімдерді лабораториялық сынақтан өткізудің тиімділігі, бақылау-қадағалау жұмыстарының жүргізілуі, шетелдік және отандық сертификатталған кәсіпорындарды қадағалаудың маңызын түсіндірді.

Шариғатымыздағы халал мен харам түсінігі, адал астың құлшылығымыз мен күнделікті өмірімізге беретін пайдасы, харамның ақыретіміз бен денсаулығымыз үшін тигізер зиянына да кеңінен тоқталып өтті. Сонымен қатар, халал өнімдер дайындау технологиясы, халал өнімдерді өндіру, өңдеу, сақтау, тасымалдау, сатуға қойылатын стандарт талаптары, рұқсат етілген және тиым салынған Е тағамдық қоспалар, халал стандарты бойынша тағамдық қызметтер ерекшелігі, шариғат және халал стандарт талаптарына сай мал сою және ет өңдеудің маңызды тұстары ашып айтылды.

Семинар соңында халал индустриясын дамытуға атсалысып, халал стандарт талаптарына сай өнім өндіріп, ел игілігіне қызмет етіп жүрген бірқатар кәсіпкер алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар имамдар мен кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, арнайы сертификат табыстады.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру