Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

РАНТ мүшесі Ақтөбе облысында кездесулер өткізді

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі 04.03.2020 2737 0 пікір
РАНТ мүшесі Ақтөбе облысында кездесулер өткізді

Ақтөбе облысына Республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі, Алматы қаласы «Ибраһим» мешітінің имамы Серікжан Еншібай келген болатын.

Ақтөбе қаласында жұмысын бастаған РАНТ мүшесі сапар барысында бірқатар кездесулерде болып, «Нұрдәулет» мешітінде екі күн қатарынан құптан намазына жиналған жамағатқа уағыз жүргізді. Одан әрі Хромтау ауданында кездесулерін жалғастырды. Аудан жұртшылығымен сұхбаттасқан С.Еншібай алдымен аудандық аурухана ұжымымен кездесті. Кездесу барысында екпеден бас тартушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу жолдарын айтқан дін маманы жалпы, екпе – діни мәселе еместігін, бұл негізінен вакцинаның сапасына байланысты туындап отырған мәселе екендігін ашып айтты. Сондай-ақ, екпеге күмәнмен қарайтындардың қатарында дін ұстанбайтын азаматтардың да кездесетіндігін алға тартты.

Одан әрі РАНТ мүшесі Хромтау аудандық «Нұр» мешітінде жұма намазын өткізді. Қасиетті күні мұсылмандық парыздарын өтеуге жиналған жергілікті жамағатқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бекітілген «Адамға алғыс айтпағанның, Аллаға шүкірі жоқ» тақырыбында уағыз айтып, Алла үйіне жиналғандарды шүкіршілік ете білуге шақырды.

Кездесулер кезегі Хромтау аудандық «Нұр» мешітінің ұйымдастыруымен аудан орталығындағы «Әйгерім» дәмханасында жамағаттың ауызбіршілігін арттыруға бағытталған айлық отырыспен жалғасты. Шараға қонақ ретінде қатысқан Алматы қаласындағы «Ибраһим» мешітінің имамы Серікжан Еншібай дастархан басында пайғамбарлардың өмірінен мысалдар келтіре отырып, жиналған жамағатқа бірлік, білімді болу, біліммен амал жасау тұрғысында уағыз айтты. Сонымен қатар, жамағаттың көкейлерінде жүрген неке, несие, қаза намаздарын өтеу мәселелерін қамтыған сұрақтарына тұшымды жауап бере білді. Сондай-ақ, кездесуге келгендер тарапынан мектеп пәндерінің қатарына имандылық сабақтарын енгізу туралы ұсыныстар да айтылды.

Отырыс соңында Хромтау аудандық «Нұр» мешітінің бас имамы Алмат Әли РАНТ мүшесі Серікжан Еншібайға жамағат атынан алғыс айтса, үлкендер жағы баталарын берді.

Жамағат тарапынан осы тектес кездесулерді алдағы уақыттарда да жалғастыру ұсынылды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру