Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: Ауыл имамдары білім сайысына қатысты

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі 02.03.2020 2894 0 пікір
Ақтөбе: Ауыл имамдары білім сайысына қатысты

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойына орай, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен еліміздің барлық өңірлерінде бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Соған орай Ақтөбе өкілдігі де әр түрлі форматта діни-мәдени шараларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Солардың бірі әрі бірегейі облысқа қарасты ауыл имамдарының білімі мен біліктілігін арттыру, діни қызметке деген құлшыныстарын арттыру мақсатында облыста тұңғыш рет өткізілген – ауыл имамдары арасында білім сайысы болып отыр.

Сайыс төрт кезеңнен тұрып, оған облыстағы 25 ауыл имамы қатысты. Бірінші кезең «Фиқһ» тақырыбында тест сұрақтарына жауап беруден тұрса, екінші турда имамдар «Құранды жатқа оқу» сайысынан өзара сынға түсті. Аталмыш осы екі турдан ең жүйрік деген 10 имам іріктеліп шығып, үшінші кезеңге жолдама алды. «Бәйге» атты үшінші турда имамдар шапшаңдықтарымен және ұшқыр ойлылықтарымен сыналып, шапшаң әрі нақты түрде «Ақида», «Ислам тарихы», «Сахабалар өмір баянынан» 50 сұраққа дұрыс жауап беру тиісті болды. Сонымен бірге «Жеті рухани қазық» рухани тұғырнама бойынша 7 сұрақ қойылды. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған 2 имам ақтық сынға аяқ басты. Ақтық сында 3 минуттың ішінде әділ қазылар бекіткен тақырыптар аясында «Уағыз айту» сайысы өтті.

Сайыс қорытындысы бойынша өзінің білімділігімен және шешендігімен Темір ауданы, «Шұбарқұдық кәсіпшілдігі» мешітінің имамы Нұрлыбек Сабырғалиев бас жүлдеге қол жеткізді. Яғни, Ұмра қажылығына жолдамаға ие болды. Ал, екінші орынға Шалқар ауданы, Айшуақ ауылының имамы Нұрдәулет Әуезов қол жеткізіп, қаржылай 100 мың сыйақы алса, ал үшінші орыннан 50 мыңды қанжығасына байлап тағы бір шалқарлық, Тоғыз ауылының имамы Кенжеболат Рахметов көрінді. Ал, үшінші турға суырылып шыққан 7 имамға 10 мың теңге және марапаттар бұйырса, қалған имамдарға 5 мың теңгеден алғыс хаттарын қанағат тұтты.

«Сайысқа дайындық жүргізуге алдын ала сұрақтар мен бір ай уақыт берілді. Жарысқа қатысқан имамдардың дайындығы өте жоғары деңгейде. Дегенмен, жарыс болған соң, оның жеңімпазы да болатыны әмбеге аян. Жеңіс бар жерде жеңіліс те бар. Алайда, «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дегендей, шапшаңдық танытып жүлделі бірінші орынға қол жеткізу маған бұйырған екен. Осы сайысты ұйымдастырушыларға алғысым шексіз»,-деп ағынан жарылды Нұрлыбек Мусағалиұлы. Сайыстың екінші орын жүлдегері Нұрдәулет Әуезов: «Сайысқа қатысу мәртебесі берілгені үшін де мен ризамын. Аллаға шүкір, жеңу мақсат емес. Жарысқа қатысу арқылы білімдеріміз шыңдалды. Екі бірдей Шалқар ауданының ауыл имамы жүлделі орыннан көрінгені біз үшін мақтаныш», - деп лебізін білдірді.

Жүлделі орын ала алмаған имамдар өз кезегінде «ұтылған жоқ». Қаншама сұрақтарға дайындалып, ізденіп, білімдерін шыңдап, бір серпіліп қалды. Бұл өз кезегінде аталған имамдардың ауыл жамағатына уағыз-насихаттар жүргізуде өз септігін тигізетініне сеніміміз мол. Өкілдіктің бұл жарысты ұйымдастырудағы басты мақсаты – ауыл имамдарының білімін және біліктілігін көтеру.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру