Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Талдықорған: «Мұқтажға медет» акциясы өтті

Талдықорған өңірі өкілдігінің баспасөз қызметі 27.02.2020 2198 0 пікір
Талдықорған: «Мұқтажға медет» акциясы өтті

Талдықорғандағы DOSMED халықтық медицина орталығы «Мұқтажға медет» атты қайырымдылық акциясын өткізіп, мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі 15 шақты адамға түрлі ем-дом көрсетті.

Шараға ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша өкілдігі мен Алматы облыстық жастар мәселелері жөніндегі басқармасының қолдау білдірді. Діни басқарманың 30 жылдығы қарсаңындағы «30 игі шара» атты акциясы аясында өткізілген шара кезінде арнайы тізім бойынша іріктілген жандардан қан алынып, алтын ине қойылды. Қажет деп тапқандарға массаж жасалды. Туғаннан дертті немесе жүре пайда болған ауруға шалдыққан жандар арасында зағиптар, инсульт алғандар, сал ауруына шалдыққандар бар. Арнайы көлікпен әкелінген жандар өздерін назарға алып, қолдау көрсеткендерге ризашылық білдіріп жатты.

Қайырымдылық шарасына қатысушыларға жайылған дастарханда ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы Ардақ Оразбаев игілікті шараға қатысушыларға уағыз-насихат айтты. Адамның басына түскен аурудың үлкен сынақ екенін, соған сай талаптанып, еңбектеніп, ел мен жердің амандығы үшін дұға жасаудың тиімділігі жайлы әңгімеледі.

«Мұндай игілікті шаралар осымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта ай сайын облыс орталығында тұратын 10-15 адамға қайырымдылық мақсатында көмек көрсетіліп, денсаулығына қажетті шараларды қабылдайды, «Мұқтажға медет» қайырымдылық акциясы – көпшіліктің көңілінен шығатын шара. Мұны алдағы уақытта көшпелі түрде жүзеге асырып, орнынан тұра алмайтын, қозғала алмайтын жандарға бару керек. Оған имамдарды, дәрігерлерді қатыстырып, игілікті іске үлес қосуына ықпал ету қажет» деді Ардақ Оразбаев.

Бір күнді қайырымдылыққа арнаған DOSMED халықтық медицина орталығының басшысы Досжан Амантайұлы осылайша көпшіліктің алғысын алды. Ал алғыс алғанның абыройын Алла Тағала да асқақтатады.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру