Кезінде Қытай елінен келіп, Ақмола облысының Зеренді ауданына қарасты Шағалалы ауылына ат басын тіреген Жаңылбек Оқыйбектің отбасы күндердің күнінде үй-күйсіз қаламыз деп еш ойламаған еді.
Осы жылдың басында қаhарлы қыстың бір кешінде үйі отқа оранып, жеті бірдей жан далада қалған-ды. Бәрінен де жасы егде тартқан анасына қиын соқты.
Бірақ Алланың қалауымен қиындығының соңы қуанышқа ұласты. Облыстық Науан хазірет мешітінің бастамасымен «Зекет» қорының өкілдігі елден қаражат жинауға кірісті. Бұл үндеуге көп адам құлақ түріп, әркім өз қал-қадірінше ақшалай үлес қосқан еді.
Күні кеше Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Сәбит бастаған ізгі адамдар тілсіз жаудан зардап шеккен Жаңылбек Оқыйбектің отбасына жаңа қоныс кілтін салтанатты жағдайда табыс етті.
Осы оқиғаға куә болған адамдар көздеріне жас алды. Екі апта ішінде осы заманға сай күрделі жөнделген үй өз иелеріне есігін айқара ашты.
Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Сәбит осыдан бірер жыл бұрын Көкшетау қаласында бастау алған «Ел үлесі – пәтерге!» жобасының жақсылығын қаншама адамдар көргенін атап өтті. Облыс бойынша 10-шы пәтер тапсырылды. Бұл жолы үй күрделі жөнделіп қана қоймай, іші түгелдей тұрмысқа қажет жиһазбен және техникалық құралдармен қамтамасыз етілген.
Бұған қоса, отбасындағы балалардың барлығын «Зекет» қоры есебінен киіндірген екен. Бір өкініштісі, балаларының бұл қуанышын қарт ана көре алмай кетті. Осыдан бірер күн бұрын ғана өмірден озған еді. Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев және мешіт жанашыры Жүнісбек Әленов өмірден өткен қарт ананың рухына дұға етіп, ізін басқан балаларына жақсылық тіледі.







ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ-ның Ақмола облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі
nasihat.kz
19.02.2020
3387
1 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (1)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру
Самат Пірназар | 20.02.2020 02:37
Я раббым алла бізде осындай жаңа ұйге кірсекқой шіркін🤲
Администратор | 20.02.2020 09:36