Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Сансызбай Құрбанұлы – Павлодарда

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз қызметі 16.02.2020 2941 0 пікір
Сансызбай Құрбанұлы – Павлодарда

ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі, Республикалық ақпараттық насихат тобының (РАНТ) мүшесі, танымал ұстаз Сансызбай Құрбанұлы Павлодар өңіріне жұмыс сапарын Павлодар қаласындағы «Әбу Бәкір Сыддық» медресесінен бастады.

Медресе-колледж студенттерімен  жүздескен ұстаз Сансызбай Құрбанұлы білім алудың маңызы, уақыттың қадірі, жастар тәрбиесі, ұлтжандылық, рухани тәрбие, қыз бала тәрбиесі және болашақ ұлт тәрбиесі туралы сөз қозғады. Шәкірттер көкейде жүрген сұрағын қойып, тұщымды жауап алды.

Келесі кезекте облыстық «Ертіс» телеарнасының «Бірінші студия» бағдарламасына қатысып, сұхбат берді. Бағдарламада қазіргі замандағы мұсылманның тұлғасы, жат ағымның сипаттары мен сақтану жолдары әңгімеге арқау болды. 

Сонымен қатар, Сансызбай Құрбанұлы Ақсу қалалық мешітінің жамағатымен жүздесіп, әлеуметтік желілердегі діни ағымдардың тигізер қаупі, ұлт болашағы, дін және жастар танымы тақырыптарында әдемі әңгіме өрбітті. Ал орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде  қасиетті жұма күні болып жамағатқа мұсылманның ауызбіршілігі, ел тыныштығы, мұсылмандарға пайдалы болу тақырыптарында уағыз айтты. Осы мешіттегі ақшам–құптан аралығындағы уағыздар еркін форматта өтіп, мешітке жиналғандар Сансызбай Құрбанұлына шариғат және пәтуа бойынша сауал жолдап, тұшымды жауап алды.

Ұстаз іссапары аясында қала және аудан имамдарына «Дін қызметшілерінің міндеттері» тақырыбында семинар жүргізді. Семинар барысында имамның негізгі міндеттемелерінің бірі болған уағыз айтудағы алғышарттар мен уағыз айту үлгісі туралы толығырақ ақпарат берілді.

Жалпы осы кездесулерде Отанға сүйіспеншілік, ата-ананың разылығына жету, дінді дұрыс ұстану, айналасындағылармен көркем мәміледе болу, бос уақытты тиімді пайдалану жолдары, білім алу секілді тәрбиелік мәні бар мазмұнды тақырыптар да молынан айтылды.

Ұстаз Сансызбай Құрбанұлы өнегелі өсиеттер, ғибратты әңгімелер, өмірлік мысалдар келтіріліп, көкейде жүрген сұрақтарға тұщымды жауап беріп, көпшіліктің сұранысы бойынша қоғамдағы түйткілді мәселелердің түйінін тарқатып, шариғи тұрғыдан кеңес айтты.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру