Ақтөбелік әйел жамағаты «Орамал күнін» тың қадаммен қарсы алып, айрықша атап өтті.
Олар волейбол жарысына қатысып, қоғамдық өмірдің барлық саласында белсенділік таныта алатынын іспен көрсетті. Қыздар арасындағы волонтерлік волейбол жарысында нәтижелі ойын көрсеткен 2 командаға қолдау көрсетіп, ақтөбелік әйелдер діни сауат ашу курстарының шәкірттері үшін «Жастық» мейрамханасы басшылығының демеушілігімен мерекелік дастархан жайылды.
«Орамалым – иманымның байрағы» атты тақырыпта ұйымдастырылған басқосуда «Әйел-қыздар секторының» Ақтөбе облысы бойынша жетекшісі Кенжегүл Қошқарова барша жиналған жамағатты ерекше күнмен құттықтап, бұл шараның маңыздылығын тілге тиек етті.
Бұдан кейін Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Гүлмайра Тұрлыбекова тақырыпқа сай, тағылымды уағыз айтты. Жиналған ару-аналар орамал тақырыбында әңгіме қозғап, өлең шумақтарын оқыды. Сонымен бірге арнайы дайындалған бейне материалдар слайды көпшілік назарына ұсынылды.
Бұл басқосудың қызықты тұсы: жамағат бір-біріне ерекше «тосын сый» жасап, «орамал тон болмайды, жол болады» деген ниетпен өздерімен ала келген орамалдарын бір-біріне тарту етті.
Үлкендер жағы осындай іс-шаралардың арқасында мешіттің қамқорлығын шынайы сезініп, бір-бірін жақын тани түсетінін тілге тиек етті. Ең бастысы: жамағаттың бірлігі жарасып, мұсылмандардың бір отбасындай өзара ынтымағы артуына себі тиетінін атап көрсетті.
Басқосудың соңында ақтөбелік әйелдер жамағаты атынан Шолпан әжей ұйымдастырушылар мен «Жастық» мейрамханасының басшылығына ізгі дұғасын арнап, көпшілік «Еліміз – аман, жұртымыз – тыныш болғай!» деген игі тілекпен қол жайып, әдемі әсермен тарқады.



ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
nurgasyr.kz
03.02.2020
3521
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру