Белгілі ғалым Ғарифола Есім мен Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан бастаған ел ағалары «Халифа Алтай» мешітінде ашылған «Ислам мәдениеті» мұражайымен танысты.
Құрметті меймандарды бастап келген Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов: «Біз тарихы бай, келешегі кемел ұлтпыз. «Рухани жаңғыру» аясында осы бағытта Елбасымыздың да осы салаға қатысты бірқатар тапсырмалары бар. «Ислам мәдениеті» мұражайының мешітте ашылуы ұлтымыздың тарихи санасын жаңғыртып, мешіттердің мәдени-ғылыми орталыққа айналуына өз ықпалын тигізеді» деп, мұражай ашудың маңызы жайлы айтып өтті.
ҚМДБ Өскемен аймағының бас имамы Ермек Қасболатұлы құрметті қонақтарды қарсы алып, мұражайды аралатып, таныстырды. «Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған ұлттық кодты жаңғырту қатарлы нақты тапсырмасын орындау мақсатында облыс басшысының қолдауымен мешітімізде «Ислам мәдениеті» мұражайы ашылды. Мұнда ислам тарихымен қатар сонау Сақ, Ғұн дәуірінен бастап ұлтымыздың тарихынан мол мағлұмат беретін мұралар бар» деген Ермек Қасболатұлы бүгінгі таңда жастар, оқушылар, әр мемлекеттен келген туристер, басқа облыстардан қонақтар келіп тамашалап, тарихымыздан мол мағлұмат алып жатқанын айтты.
Ғарифолла Есім ұлтымыздың тарихын түгендеп, рухани қазынаны байытуда бұл мұражайдың маңызы зор екендігін жеткізді. «Әсіресе жастарға үйретер тағылым мол. Мұражайды халыққа кеңінен насихаттап, танытудың ұрпақ тәрбиесіне пайдасы зор, нағыз рухани жаңғыру осында» деп түйіндеді ғалым сөзін.
Мұражайды аралаған ел ағалары ұлтымыздың бай тарихына қатысты жәдігерлер мен көне жазбалардың заманауи электронды нұсқасын тамашалап, жоғары баға берді.


ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі
02.02.2020
3576
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру