Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: Жұма намазына арналған ашық сабақ өтті

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі 30.01.2020 3864 0 пікір
Ақтөбе: Жұма намазына арналған ашық сабақ өтті

Ақтөбе қалалық мешітінде «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен мешіт жанындағы әйелдер діни сауат ашу курсының шәкірттері үшін «Жұма намазына» арналған ашық сабақ өтті.

Ақтөбелік ару-аналар қатысқан тақырыптық шараны қалалық мешіт ұстазы Айнұр Мырзабаеваның ұйытқы болуымен, мешітте тәжірибелік практикадан өтіп жатқан Сарыағаш медресесінің 3-курс студенті Жұлдыз Алдаберген шеберлікпен жүргізді.

«Жұма күнінде қасиетті бір сағат бар. Мұсылман сол уақытта намаз оқып, қол жайып дұға қылса, Алла Тағала оның тілегін міндетті түрде қабыл алады» (Бухари, Жұма 37), (Талақ 24, Дағуат 61) дегендей, ашық сабақты ашқан ұстаз Айнұр Мырзабаева, негізгі мақсат – мешіт шәкірттерін жұма намазымен жан-жақты таныстырып, жалпы намазға қойылатын талаптарды баяндау екендігін айтты.

Практикант студент Жұлдыз Алдаберген «Жұма намазы» жөнінде мағыналы баяндама жасап, бұл күннің маңызы мен қасиетін тілге тиек етті. Әрдайым дәретпен жүретін адамға Алла Тағала үздіксіз сауап жазатыны және қорғауында болатыны еске салынды.

Бұдан кейін әйелдер жамағатының 3 тобы өздерін таныстырып, салауат өлең айтылды. Ал блиц-турнирде капитандар өзара сайысты.

Келесі кезекте ұйымдастырылған топтық сайыс – ребус шешуге де әйелдер жамағаты белсенді түрде қатысып, әртүрлі сұрақтарға зор ықыласпен жауап берді.

Сонымен бірге ашық сабақ барысында тақырыпқа сай әзірленген слайд көрсетілді. Ақтөбе қалалық мешітіндегі айрықша дәріске арнайы шақырылған облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстаздары шара барысында өздерінің алған әсерлері мен ой-пікірлерін ортаға салып, ашық сабаққа оң баға берді.

Осылайша, бес уақыт намазды қастерлеуге үндеген дәрісте ару-аналар діни білімдерін толықтырды. Күндердің сұлтаны – жұма күнгі орындалуы тиіс абзал істерді бірлесіп, егжей-тегжейлі саралады. Айрықша сабақтан тағылым алған әйелдер жамағаты қасиетті Жұма ғибадатын жан-жүрекпен ұғынып, бес парыздың бірін орындауға деген ынта-ықыласы еселеп артқаны сөзсіз. Мешіт шәкірттері тағылымды сабақ үшін ұстаздарына шынайы тілектерін айтып, шексіз ризалық білдірді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру