Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Әйел жамағатына қажылық тәртібі үйретілді

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі nurgasyr.kz 25.01.2020 3458 0 пікір
Әйел жамағатына қажылық тәртібі үйретілді

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен мешіт жанындағы әйелдер діни сауат ашу курсының шәкірттері үшін «Менің қасиетті сапарым – Қажылық» атты тағылымды шара өтті.

Өңірдегі бас мешіттің ару-аналар жамағаты қатысқан тақырыптық уағыз сабағын «Нұр Ғасыр» мешітінде іс-тəжірибеден өтіп жүрген Сарыағаш медресе-колледжінің 4-курс студенті Сəнбота Маткаримова белсенді түрде ұйымдастырып, зор жауапкершілікпен жүргізді.

Ең алдымен ол «Қажылыққа сапар» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.

– Шариғат бойынша кәмелетке толған, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жақсы, дәулеті жетерлік, өзгеге қарызы жоқ мұсылман ғана мұсылманның қасиетті бес парызының бірі болып саналатын Қажылық парызын өтей алады. Қасиеттi Құранда: «Алла үшiн Қағбаны адамдарға қажылық ету парыз»(«Әли-Имран» сүресi, 97 аят)», - деп айтылған, - деді ол.

Бұдан кейін әйелдер жамағатының назарына «Қабыл болған қажылық» атты тағылымды көрініс ұсынылып, көпшілік зор ынтамен тамашалады. Келесі кезекте ұйымдастырылған «сұрақ-жауапқа» үлкен-кіші белсене атсалысып, түрлі сауалдарға жарыса жауап қайтарды. Сонымен бірге «Қажылыққа сапар» айдарына орай, арнайы әзірленген слайд көрсетілді.

Уағыз сабағының үшінші кезеңін – «Қажылыққа сапарға» арнаған жас ұстаз, бұл сабағының тек теория жүзінде ғана емес, іс-тәжірибемен орындалғанын көздеді. Сондықтан ерекше уағыздан ой түйген шәкірттерінің бәріне ҚМДБ-ның «Таwаf Тravеl» компаниясымен бірге «қажылық сапарына» аттанып, бес парыздың бірін орындауға шақырды. Әйелдер жамағаты «Қағбаны айналу, Сафа мен Мәруаның арасында жүгіру, Арафатта тұрып, дұға қылу, шайтанға тас лақтыру» сынды қажылық парыздарын өз көздерімен көріп, шара барысында естіп-білгендерін нақтылы іспен бекемдеп, жадында сақтауға тырысты.

«Әйел-қыздар» секторының Ақтөбе облысы бойынша жетекшісі Кенжегүл Құрманғалиқызының басшылығымен айрықша реңкте өткен уағыз соңында, қадірменді қажы Мәриам әже көпшілікке бата берді. Абзал ару-аналар мен ақ жаулықты әжелер қасиетті Зәмзәм суынан дәм татып, осынау тағылымды іс-шараны ұйымдастырып, Алланың үйіне деген сағынышын арттырған ұлағатты ұстаздарға алғыстарын жаудырып, ізгі тілектерін жеткізді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру