Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Ақтөбе» медресе колледжінің есебі тыңдалды

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі nurgasyr.kz 20.01.2020 3265 0 пікір
«Ақтөбе» медресе колледжінің есебі тыңдалды

18 қаңтар күні облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде «Ақтөбе» медресе колледжінің есебі тыңдалды.

Бұл басқосуға Бас имам Төлеби қажы Оспан бастаған мешіт қызметкерлері мен ақсақалдар алқасының мүшелері қатысты. Жиынды Т.Дәділұлы ашып, оқу орнының 2019 жылғы жемісті жұмыстарына қысқаша тоқталып өтті. Бұдан кейін сөз алған «Ақтөбе» медресе колледжінің директоры Әбдімүтәлі қажы Дәуренбеков діни оқу орнының 2019 жылы атқарған есебі мен медресенің жаңа құрылысы жөнінде баяндады.

«Ақтөбе» медресесі – колледж статусына ие, Батыс Қазақстандағы бірден-бір діни оқу орны. Бұл колледж облыстағы діни кадр даярлау ісіне сүбелі үлес қосып келеді. Ақтөбе өңіріндегі 110 имамның 40% – осы медресе түлектері. Сонымен бірге еліміздің басқа өңірлерінің де жеткіншектері мұнда тегін білім алуда. Биыл шәкірттерді 9 сыныптан кейін қабылдау үшін лицензия алу бағытында жұмыс жүргізілуде», - деді Бас имам.

11 жылдан астам уақыт ішінде медресе колледж 142 шәкірт шығарды. Өткен жылдың соңында медресенің заманауи спорт кешені ашылды. Бұл – колледж өміріндегі жаңа бір белес, - деген колледж басшысы Ә.Дәуренбеков медресе колледждің қазіргі жай-күйіне тоқталып, жаңадан салынатын ғимараттың құрылысы жөнінде кеңінен таныстырды. «Батыс Қазақстан өңіріндегі жастарды имандылық жолында тәрбиелеу мақсатында «Ақтөбе» медресе колледжінің базалық әлеуетін арттыру үшін облыс орталығынан жаңа ғимарат салу ісін 2017 жылы қолға алғанымызды жақсы білесіздер. Бүгінге дейін құрылыс жұмыстарын жүргізуге қатысты құжаттары әзірленіп аяқталу үстінде. Биыл бұйыртса құрылыс жұмыстарын бастаймыз», - деді ол.

Бүгінде құрылыстың басты ғимараты – оқу корпусының сызбасы сызылып дайындалуда. Құрылыстың нөлдік қазандығы қазылды. Қаражатты үнемдеу мақсатында сағатына 25-30 куб бетон дайындайтын цемент зауыты сатып алынып, құрылыс аумағына қондырылды. Көктемде бас ғимараттың іргетасын көтеру қолға алынады. Бұдан басқа, 2000 адамға арналған мешіт, мейрамхана, сауда орталығы мен ұстаздарға арналған баспана салу жоспарланған.

Қазір құрылысқа қаражат тарту бағытында жұмыс жүргізіліп, демеушілерді жұмылдыру, маркетинг жұмысы және медресенің сайты арқылы қаражат түсірілуде. 2018 жылдың мамырынан бері жалпы 83 643 175 теңге қаражат жиналды. Оның игерілгені – 75 063 175 теңге, ал, қалған қаражат – 6 580 000 теңге.

Баяндамашыға ондық алқа мүшелері тарапынан сауалдар қойылып, тиісті жауап берілді. Жиынға қатысушылар медресе колледждің жаңа корпусының құрылыс жұмыстарымен танысып, еліміздің Батыс аймағы үшін қажеттіліктен туындаған сауапты іске сәттілік тіледі.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру