Хромтау аудандық «Нұр» мешіті жанынан әйелдердің діни сауат ашу курсы ашылды.
Хромтау қаласы әкімінің орынбасары Метгүл Қосымбекова ашылу салтанатында өңірдегі әйелдердің жағдайын тілге тиек етті. Осындай ару-аналарға арналған рухани орталықтың қажет екенін айтып, алдағы уақытта өңірдегі дәстүрлі тәлім-тәрбие ошағына айналады деген сенім білдірді.
Ал Хромтау аудандық «Нұр» мешітінің бас имамы Алмат Әли жергілікті әйелдер қауымын осынау ерекше күнмен құттықтап, курс жұмысына сәттілік тіледі. Ақтөбе қаласынан арнайы шақырылған мейман – Әйел-қыздар секторының Ақтөбе облысындағы жетекшісі Кенжегүл Қошқарова жергілікті әйелдер жамағатын тамаша жаңалықпен шын жүректен құттықтады. Ол жаңадан ашылып жатқан әйелдер діни сауат ашу курсының жұмысын ұйымдастыру мен оқу-ағарту бағытында атқарылатын іс-шаралар туралы кеңінен баяндады.
Кенжегүл Құрманғалиқызы өзінің жұмыс тәжірибесін бөлісіп, жергілікті ару-аналарға ақыл-кеңес айтты. Сонымен бірге барша әйел жамағатын діни дәрістер мен уағыздарға тұрақты қатысып, әртүрлі іс-шараларда белсенділік танытуға шақырды.
Әйел-қыздар секторының жергілікті жердегі жауапты маманы Айткүл Құрмантайқызының ұйытқы болуымен бұл күні ұлттық салт-дәстүріміздің сабақтастығы ретінде Мұхаммед есімді сәбидің тұсауы кесілді. Салтанатты шара одан әрі қарай қызықты викторинамен жалғасты. Қыз-келіншектер қойылған сұрақтарға белсенділікпен жауап беріп, естелік сыйлықға ие болды.
Диана Сәкенова есімді ару қыздардың қолына қынамен түрлі ою-өрнектер салып, шеберлік сағатын өткізді. Ал Әлия есімді ару қыз-келіншектерге орамал тағудың әртүрлі үлгісін көрсетті. Салтанатты кеш соңында Күнсұлу әже бата беріп, барша жиналған жұртшылық ақ дастарханнан дәм татып, ұйымдастырушыларға шынайы ризашылық білдірді.


ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
17.01.2020
3440
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру