Ақтөбе облысындағы «Әйел-Қыздар секторының» 2020 жылғы алғашқы іс-шарасы «Ата салтым – асыл мұрам» атты салт-дәстүрге негізделген танымдық кешпен басталды.
Ақтөбе қаласындағы әйелдерге арналған діни сауат ашу орталығының жетекшісі Айнұр Мырзабаеваның ұйытқы болуымен мазмұнды-мағыналы өткен бұл шарада 30-дан астам адам қамтылды. Салт-санамызды жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған кеште әйелдер жамағатына арнайы дастархан жайылды.
Құран оқумен басталған іс-шарада Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) салауат айтылды. Қазақ халқының салт-дәстүріне байланысты көріністер қойылып, бала тәрбиесіне арналған бейнероликтер көрсетілді.
«Өнерлі халық – өміршең халық» демекші, қазақтың әдет-ғұрпына бағытталған кешті Сарыағаш медресесінің тәлімгері, практикант Жұлдыз Алдаберген әсерлі жүргізді. Салт-дәстүрге арналып, 3 кезеңмен өткен сайысқа 6 қыз бала қатысып, жеңімпаздар арнаулы сыйлықтармен марапатталды.
Кеш барысында «Ат қою ғұрпы» туралы танымдық дерек берілді. Қазақ халқы жаңа туған сәбиге жақсы есімдер мен әйгілі адамдардың атын қойған. Сонымен бірге бала есімін беделді кісілерге қойғызып батасын алғаны туралы айтылды.
Бірнеше хадистерге сәйкес, «ақиқа» бекітілген сүннет екенін баян еткен ұстаз Айнұр Мырзабаева:
«Ақиқа сөзінің араб тілінен аударғандағы мағынасы «қию, кесу» дегенді білдіреді. Негізінде, жаңа туған нәрестенің шашына қолданылады. Шариғатта нәресте туғаннан кейін оның шашы қиылғанда мал сойып, құрбан шалу керек. Және бұл баланың ата-анасындағы ақысы саналады» деп түсіндірді.
Тағылымды шара соңында Құран әліппесін тәмамдаған Шынар Əлібекова, Айшолпан Құттыбаева мен Әлима Қазбекова сынды шәкірттерге салтанатты түрде тәж кигізу рәсімі өтіп, сыйлыққа Құран Кәрім кітабы табысталды.
«Бүгінгі тәрбие кешінің негізгі мақсаты – халқымыздың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын санамызда қайта жаңғыртып, өз бойымызға сіңіру. Әр ұлттың өзіндік ерекшеліктері болатыны белгілі. Біздің тәрбиеміз ананың ақ сүтінен, атаның қасиетті сөздерінен бастау алады. Біздің халқымыздың тәрбие тәсілдері мен тәжірибелері өте көп. Халқымыздың әдет-ғұрпын, дәстүрін, тарихын білу, оны қастерлеу – әрқайсымыздың борышымыз» деді көпке сөзін арнаған Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Кенжегүл Қошқарова.
Ақ жаулықты әжелер әсерлі кешті ұйымдастырған ұлағатты ұстаздарға алғыстарын жаудырып, ару-аналарға ақ баталарын берді.


ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
16.01.2020
3830
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру