Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: Имамдар 2020 жылғы жұмыс жоспарын баяндады

http://nurgasyr.kz/ 15.01.2020 3879 0 пікір
Ақтөбе: Имамдар 2020 жылғы жұмыс жоспарын баяндады

Ақтөбе облысына қарасты аудандар мен қалалық мешіттер имамдары өңірдің Бас имамы Төлеби қажы Оспанның арнайы қабылдауында болып, 2020 жылғы жұмыс жоспарларын баяндады.

Т.Дәділұлы бастаған облыстық орталық мешіт қызметкерлері биылғы жылдың ең алғашқы басқосуында 2 күн бойы имамдардың жаңа жұмыс жоспарымен танысып, жан-жақты талқылаудан өткізді. Имамдардың әрқайсысына жұмыс жоспарын жеке-жеке таныстыруына 1 сағаттан уақыт беріліп, өкілдік қызметкерлері жоспарға қатысты ұсынысын ортаға салды. Сонымен қатар ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойын облыста атап өтуге арналған «30 игі шара» жоспары бекітілді.

Жоспарға ауыл мешіттеріне мониторинг жүргізу, діни басқарма жоспарына сай, күнделікті бесін-ақшам намаздарында уағыз айту, аудандағы оңалту жұмыстарына РАНТ және ЖАНТ мүшелерін тұрақты шақырып отыру енгізілді. Сондай-ақ жамағат бірлігін арттыру мақсатында «Бірлігі жарасқан жамағат» атты уағыз дастарханын ұйымдастыру барлық ауданға міндеттелді.

 

Теріс ағымның алдын алудың бірден бір жолы – діни сауаттылықты арттыру мен діни кадр даярлау. Осы мақсатта мешіт жанындағы діни ашу курстарын жетілдіру мен діни оқу орындарында шәкірт дайындау мәселесі де күн тәртібіне енгізілді (қазіргі таңда діни оқу орындарында 180-ге жуық ақтөбелік студент білім алуда). Әсіресе, имам тұрақтамайтын ауылдардан діни оқу орындарына бала жіберуге басымдық беру керектігі айтылды. Жамағат арасында әртүрлі білім сайысын өткізу де белгіленді.

Өткен жылы Ақтөбеде «Ел үлесі – пәтерге» акциясы аясында 5 мұқтаж отбасыға баспана берілген еді. Биыл да жоба өз жалғасын таппақ. Аталған акция бойынша пәтер әперу – Алға, Әйтеке би, Байғанин, Мұғалжар, Хромтау, Ойыл, Темір, Шалқар, Ырғыз аудандарының жоспарларына енгізілді. Сондай-ақ белсенді қызмет етіп жүрген ауыл имамдарын да осы акция аясында баспанамен қамтамасыз ету ұсынылды.

Қаржы ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Ақтөбе қаласындағы 5 мешітке және Алға, Хромтау, Мұғалжар, Шалқар аудандық мешіттеріне мамыр айына дейін терминалдар қойылатын болады. Облысқа қарасты мешіттердің 90 пайызының жері мен ғимараты діни басқарма балансына рәсімделген. Бұл дұрыс жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесі. Биылғы жоспарға қалған мешіттердің құжаттарын рәсімдеу жұмысы енгізілді. Хромтау аудандық мешітінің жанынан салынып жатқан асхана құрылысын Рамазан айына дейін аяқтау және облыста салынып жатқан 4 мешіттің құрылысын бақылауда ұстау имамдарға тапсырылды.

Мұнымен қоса, қажылыққа барам деушілерге ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу мен мүфтиятқа қарасты «Тауаф тревел» компаниясын жамағат арасында насихаттау бағытында жоспар жасалды.

Жастар ісі секторы мен Әйел-қыздар секторы және Халал стандарттау бөлімінің жоспарларына сай, облыста атқарылатын іс-шаралардың жоспары талқыланды. Әсіресе Ақтөбе облысында Халал стандарттау талаптарына сай қызмет ететін кәсіпорындарды көбейту бағытында нақты міндеттер жүктелді. Сонымен қатар пәтуа беру, жамағат сұрағына жауап беру жұмыстарын бір ізге түсіру жолдары талқыланып, сұрақтарға жауап беретін білікті имамдардан тұратын топ құрылды.

Биыл ҚМДБ-ның құрылғанына 30 жыл толып отыр. Айтулы датаға орай, Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби қажы Оспан аймақта атқарылатын іс-шаралар жоспарын бекітті. Әр ауданның мүмкіндігін ескере отырып, нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, 30 жылдыққа орай, Ақтөбе қаласында «Тәуелсіздік жылдары Қазақстандағы Ислам: кеше және бүгін» атты көне қолжазбалар көрмесін ұйымдастыру, «Қайырымдылық керуені» атты ауқымды қайырымдылық шарасын қала және барлық аудандарда өткізу, Ырғыз аудандық мешіті мен Байқадам, Бесқоспа ауылдық мешіттерінде қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу, Хромтау ауданында және Ембі қаласында «Өткенге құрмет – елге міндет» жобасы аясында зираттардың сыртын қоршау, құдық қазу мен адамдарға арналған шағын көпір салу, жер-су аттарымен аталатын 2 мешіттің атауын Ақтөбеден шыққан діни қайраткерлердің атына өзгерту сынды іс-шаралар атқару жоспарлануда. Сондай-ақ, облыс орталығында аймақтық конференция және Қарғалы, Қобда, Шалқар аудандарында дөңгелек үстел өткізу көзделуде.

Мерейтойға арналған спорттық шаралар жоспарына Ақтөбе өкілдігі аламан бәйге, теңге ілу, аударыспақ, көкпар сынды ұлттық ойындардан облыстық деңгейде жарыс өткізуді енгізді. Бұдан бөлек мамырда Хромтауда жүгіруден марафон өткізу жоспарланса, Ақтөбе қаласында футбол, волейбол және садақ атудан турнирлер ұйымдастырылмақ.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру