Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті мен қалалық орталық мешіттің әйелдерге арналған 6 айлық діни сауат ашу курсы биылғы оқу жылындағы 3 айлық жұмысын қорытындылап, емтихан өткізді.
Діни сауат ашу курсының Кенжегүл Қошқарова, Айнұр Мырзабаева, Ақнұр Төлениязова, Гүлмайра Тұрлыбекова, Айдана Разақ сынды ұстаздарының шәкірттері осы уақыт ішінде үйренген тәлімі мен алған білімін қорытындылап, емтихан тапсырды. Сынаққа барлығы 60 адам қатысты. Аралық сынақта шәкірттерге ақида, фиқһ, тәжуид пәндерінен, сондай-ақ қасиетті Құран Кәрім кітабынан тест тапсырмалары берілді.
«Қайталау – оқу анасы» дегендей, 3 ай мерзімде діни сауатын ашып, араб әліпбиін үйреніп, Құранды түпнұсқадан оқуға талпынған ару-аналар ұстаздардың еңбегін ақтады. Берілген тапсырмаларды ұқыпты орындап, сұрақтарға тиянақты жауап берген діни сауат ашу курстарының шәкірттері аралық тестілеуден мүдірмей өтті. Айта кетейік, Ақтөбедегі әйелдерге арналған 6 айлық діни сауат ашу курстары жаңа 2020 жылы жұмысын жалғастырып, алдағы көктемде қорытынды сынақ өткізеді.
Шәкірттерін аралық сынақтан өткізгеннен кейін курс ұстаздары ару-аналар үшін «Иманды отбасы – ұлт болашағы» деген тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырды. Сыр-сұхбат барысында ақ жаулықты әжелер өздерінің жастық шағын еске алып, өмір өткелдерінен тағылымды әңгіме тиегін ағытты. Қадірменді қариялар қазіргі кезеңде жас отбасылардың ажырасуы көбейгеніне алаңдаушылық білдірді. Шаңырақтың шайқалмауы үшін, ең алдымен сабырлылық пен кешірімділік, еңбекқорлық пен кішіпейілділік керектігін әйел қауымының есіне салды. Сонымен бірге жас келіншектер мен қыздарға ақыл-кеңес айтқан әжелер, ұлағатты ұстаздардың тынымсыз еңбегіне алғыс айтып, ақ батасын берді.









ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
30.12.2019
3417
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру