Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Апат кезінде ауыл тұрғындары азаматтық танытты

Әбу Назар 29.12.2019 3323 0 пікір
Апат кезінде ауыл тұрғындары азаматтық танытты
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін twitter-дегі парақшасында Алматы маңында болған ұшақ апаты кезінде қол ұшын созған барша азаматтарға алғыс айтты.

«Қиын сәтте құтқарушыларға көмек қолын созған Алматы облысы Гүлдала ауылының тұрғындарына алғыс айтамын. Олар тамақ дайындап, ыстық шай таратты. Алматылық донорларға көп рақмет. Халқымыз тағы да қиын сәтте ауызбіршілігін, әрқашан жәрдем беруге әзір тұратындарын көрсетті» деді Мемлекет басшысы.

Шынында, елімізде қандай ауыр жағдай болса да алдымен тұрғындар ауызбірлік танытады. Әсіресе мешіт имамдары мен жамағаты қиын жағдайда жәрдем беруге даяр екенін көрсетіп келеді. Естеріңізде болса, Арыс қаласында апатты жағдай болғанда арыстықтарға алғашқы боп қол ұшын созған мешіт имамдары болатын. Төтенше жағдай жарияланған төрт күнде мешіт жамағаты жәрдемін аямай, имамдар тік тұрып қызмет еткен еді.

Алматы маңында ұшақ апаты болған кезде де алдымен Талғар ауданының мешіттері көмек қолын созды. Аудандық орталық мешіттің бас имамы Мұсабек қажы Тағанұлының ұйытқы болуымен осы ауданға қарасты мешіт имамдары мен жамағаты бір кісідей жұмылды. Олар апат болған жерде қызмет етіп жүрген құтқарушылар мен әскерилерге ыстық тамақ тасыды.

«Бірінші күні түс кезінде бір қазан палау, кеште де қазанмен ыстық тамақ жеткізілді. Ертесі күні түсте сорпа, сосын қазанмен палау берілді. Бұл іске Талғар аудандық орталық мешіті, Тұздыбастау, Гүлдала, Қызылқайрат мешіттерінің бәрі үлес қосты. Мешіт имамдары мен жамағаттары, аудан тұрғындары түрлі жәрдем берді. Ауыл тұрғындары жұдырықтай жұмылып, қиын жағдайда жұртшылықпен бірге болды. Жұма күні мешіттердің бәрінде ұшақ апатынан қаза болған жандарға дұға жасалды. Ауруханада жатқан адамдарға шипа тіледі» дейді Тұздыбастау мешітінің имамы Қажымұқан Қамбарұлы.

Айта кетейік, апаттан зардап шегіп ауруханаға түскен жолаушыларға қан беру үшін қала тұрғындары Алматыдағы Қан орталығы алдында кезекке тұрды. Қалалық қан орталығының басшысы Дилявер Бекировтің айтуынша, 27 желтоқсан күні түске дейін орталыққа шамамен 500 адам келген. 100-ден астам адамнан қан алынған.

Мұның бәрі нені білдіреді? Осындай қиын сәтте халқымыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қашан да жәрдем беруге дайын деген сөз. Алла бізді осындай ауызбіршілігімізден айырмасын!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру