Ақтөбе облысы Хромтау аудандық ішкі саясат бөлімі, «Шапағат» ақпараттық-кеңес беру орталығы және аудандық «Нұр» мешітінің ұйымдастыруымен әйелдер жамағатына арналған «Мәңгі мұғжиза» атты Құран жарысы өтті.
Жарысқа Хромтау және Ақтөбе қалаларынан 8-54 жас арасындағы 30-ға жуық қыз-келіншек қатысты. Олардың ішінде 3-4 мақсатты топ мүшелері де болды. Бұл сайысқа арнайы шақырылған Ақтөбе облыстық орталық «Нұр-Ғасыр» мешітінің жанындағы әйелдерге арналған сауат ашу курсының ұстаздары Кенжегүл Қошқарова және Гүлмайра Тұрлыбекова төрелік етті.
Жарыс алдында жуырда ғана облысымызға Мысырдың «Әл-Азһар» оқу орнын бітіріп келген теолог маман Гүлмайра Тұрлыбекова Құран жаттаудың маңызы жайында насихат айтты. Өз кезегінде Кенжегүл Қошқарова қатысушыларды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір жолынан әңгіме өрбітіп, отансүйгіштік тақырыбында уағыз айтты.
Сайыс 3 кезеңнен құралды: Сүрені толық жатқа айту; сүрені жалғастырып, жатқа айту; тәжуид ережелері бойынша сұрақ.
Қатысушылар екі деңгейде жарысып, сайыс нәтижесі төмендегідей болды:
Бірінші деңгей: «Фил» - «Нас» сүрелері бойынша:
1-орын – Ақгүл Досаналина (20 мың теңге)
2-орын – Гаухар Тасболат (10 мың теңге)
3-орын – Көркем Құрманбек (5 мың теңге)
Ынталандыру сыйлықтары Анар Досаналинаға (3 мың теңге) және ағайынды ең жас қатысушылар Шукран мен Муслима Әбілхасенге табысталды (3 мың теңге).
Екінші деңгей: «Духа» - «Нас» сүрелері бойынша:
1-орын – Айдана Ерниязова (30 мың теңге)
2-орын – Айнара Аңсатқызы (20 мың теңге)
3-орын – Майра Диханова (10 мың теңге)
Ынталандыру сыйлықтары 5 мың теңгеден Шолпан Қайырға және Диана Ерниязоваға табысталды. Сонымен қатар «Көрермен көзайымы» болған Нұржамал Жәңгірова мен Бақтығали Айсәулеге жаңа үлгідегі AirPods құлаққабы берілді.
Құран жарысы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өте тартысты өтті. Сайыс соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға дән риза болып, алғыс айтып, осындай танымдық іс-шаралар жалғасын тапса деген тілек білдірді.
Барлық қатысушыларға арналып жайылған мерекелік дастарқан басында облыс орталығынан келген ұстаздар еліміздің ынтымағы мен бірлігі тақырыбында тағылымды уағыз айтты.





ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
23.12.2019
4203
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру