Оралдағы Қадыр Мырза Әли атындағы Мәдениет және өнер орталығында Мәуліт айы құрметіне «Адамзаттың асылы – әз Мұхаммед» тақырыбында шара ұйымдастырылды.
Шараның ашылуында орталық жетекшісі, ақын Бауыржан Халиолла: «Күллі адамзаттың асылы, екі дүниенің шамшырағы – Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған айына құрмет бір күнмен немесе бір аймен шектелмеуі тиіс. «Мен мұсылманмын» деген әр пенденің Алла елшісіне деген құрметі зор. Жастар жат ағымның жетегінде кетіп, дүние сағымдай құбылып тұрған заманда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осындай шараны көптеп өткізсе, нұр үстіне нұр болар еді» деді.
Облыстық орталық мешіттің наиб имамы Бақытжан Құралбайұлының айтуынша, қазіргі кезде діннің сыртқы формасына ғана мән беретін кертартпа ағым өкілдері Мәулітті атап өтуге қатысты кереғар пікірлер айтады.
«Мәуліт айы – пайғамбардың сүннет жолын ұлықтау, хадистерін парықтау, имандылықты уағыздау кезеңі. Қадыр орталығымен бірлесіп, игі шараны өткізудеміз. Қоғаммен осылай бірлікте болсақ, діннің атын жамылып жүргендермен күрес жолында және ел тыныштығын насихаттауда белсенді бола түсеміз», – деді Бақытжан Құралбайұлы.
Мәуліт кешінде өнерпаз Ерлан Қуанышев Майлықожа термесін орындаса, күйші Берік Шаймарданов Құрманғазы күйін тартты. Кейін медресе шәкірттері салауат оқыды. Жас айтыскер ақындар Орынбек Меңдіқұлов пен Мақсат Тұяқ Мәуліт мерекесіне жыр арнады.
Орал орталық мешітінің наиб имамы Самат Әлібаев ҚМБД-ның «Зекет» қоры атынан «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында зағип әйел, жалғызбасты ана Шолпан Жұбановаға Орал қаласынан баспана кілтін табыстады.
Шолпанның екі бүлдіршін қызы бар. Қазіргі уақытта Жаңақала ауданында тұрып жатыр. «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында жетім-жесірлерге, көпбалалы отбасыларға, дін қызметкерлеріне 170-тен астам баспана сыйланды. Батыс Қазақстан облысында мұқтаж жандарға үш баспана сыйға беріліпті.





ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Батыс Қазақстан облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі
19.12.2019
3145
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру